facebook-logo  youtube logo  logo-insta  vk logo
logo gmi-ru

e-gov-kz-banner

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ «Ә. ҚАСТЕЕВ АТЫНДАҒЫ ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ӨНЕР МУЗЕЙІ» РМҚК

logo museum kz

Елдің бай мәдени мұрасы мен көркемдік қазынасының басты сақтаушысы музейлер болып табылады. Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің қызметі музейдің басты миссиясын жүзеге асыруға бағытталған, ол Қазақстан Республикасының көркем мұраларын сақтау және кеңінен тарату. Миссияның сәтті орындалуы үшін Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі өз қызметін келесі салаларда жүзеге асырады: коллекциялау, сақтау, ғылыми-зерттеу жұмысы, реставрация, әлемдік өнердің шығармаларын кең көрермендер аудиториясына насихаттау. Музейдің құрылымына сақтау және реставрациялау орталықтары, ғылыми бөлімдер, экскурсиялық және сыртқы байланыс, көрмелер мен экспозициялар орталығы, баспа бөлімі, техникалық қызмет көрсету және әкімшілік аппараты кіреді. Музей жанында қызмет істейтін екі бөлімше бар: Орталық көрме залы және Ә. Қастеевтің музей-үйі.

МУЗЕЙДІҢ 2019 жылғы НЕГІЗГІ ЖЕТІСТІКТЕРІ 

2019 жылы музей бірқатар маңызды жобаларға, соның ішінде халықаралық ынтымақтастық аясында бастамашылық етті және жүзеге асырды.
«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі қазақстандық мәдениеттің әлемдік үдеріске интеграциялануы. 2019 жылы Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қодауымен музей қорынан ең үздік туындыларды шетелдік көрерменге ұсынған бірқатар маңызды көшпелі көрмелерді іске асырды.
Музей қорынан халықаралық көшпелі көрмелер:
 «Алпысыншы жылғылар: түркі романтизмі», 6-31 наурыз 2019 жыл, Мәскеу, Ресей. Экспозиция алпысыншы жылғы суретшілердің 50 аса кескіндеме, графика және мүсін туындыларын ұсынды.
 «Сергей Калмыковтың жұлдызды тостағаны», Санкт-Петербург, 22 наурыз – 21 сәуір 2019. Көрме музейдің бірегей коллекциясынан белгілі авангардшы С. Калмыковтың кескіндеме және графика туындыларының үздік үлгілерін ұсынды.
 «Қазақ даласының ырғақтары» қазақстандық графика көрмесі, Венеция, 11 мамыр – 11 шілде 2019. Экспозиция музей жинағынан Қазақстан графиктерінің үздік үлгілерінен тұрады.
Экспозициялар халықаралық мәдени байланыстардың әрі қарай нығаюына мүмкіндік бере отырып, қазақстандық өнерді шетелде танытуда өзіндік рөл атқарды.Музей тарихында алғаш рет Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ Смитсон институтымен бірлесіп өткізген халықаралық ғылыми симпозиум өтті. «Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері және креативті экономика» ғылыми симпозиумы 2019 жылы 4 қазанда Вашингтонда өтті. Симпозиумның қорытындысы бойынша баяндамалар жинағы басылуға дайындық үстінде.
Музей қорынан көрнекті шеберлердің туындыларын, сондай-ақ акварель техникасында орындалған Қазақстанның заманауи суретшілерінің жұмыстарын біріктірген «Қазақстан акварелі: кеше және бүгін» ауқымды республикалық жобасын сәтті жүзеге асырды. Көрме 18 мамыр – 1 қыркүйек кезеңі аралығында өтті және каталог жарыққа шықты.
Тақырыбы «Ғылым және музей: Теория және практика» болып белгіленген жыл сайынғы «Қастеев оқулары-2019» ғылыми-практикалық конференциясы сәтті өтті. Конференция аяқталуына қарай материалдар жинағы жарыққа шықты.
2019 жыл Мемлекетпен Қазақстанда Жастар жылы болып белгіленді, музей балалар мен жасөспірімдерге арналған «Әсем Әлем Жастар» атты оқу бағдарламасын әзірлеп, іске қосты. Бұл балалар мен жасөспірімдерге әлемдік көркем мәдениет тарихындағы «Әсем Әлем Жастар» курсын оқытудың жаңа форматына бағытталған Қазақстандағы алғашқы музейлік жоба. Курстың ерекшелігі белгілі бір дәуірге немесе көркемдік стильге арналған теориялық және практикалық сабақтардың бірігуі болып табылады. Қазіргі уақытта курс 10 сабақты қамтиды, келешекте балалар мен олардың ата-аналарында қызығушылық тудырған бағдаламаларды кеңейту жоспарлануда.
Музей қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі көрме-экспозиция жұмысы болып табылады. 2019 жылы 65 уақытша көрме өткізілді: 3 көшпелі+48+15 (ОКЗ), соның ішінде халықаралық. Халықаралық жобаларда музей 2019 жылы РФ, Жапония Италия, АҚШ, Қырғызстан, Германия, Қытай, Корея және Өзбекстанмен ынтымақтастықты жүзеге асырды.
2019 жылғы мерейтойлық көрмелер: Табылды Мұқатов, Есімғали Жұманов, Асқар Есенбаев (мүсін), Иса Әбдукәрім, Владимир Киреев, Эдуард Казарян (мүсін), Шоқан Төлеш (мүсін), Мәжит Байтенов, Үкі Әжиев, Макым Қисамединов, музей жинағынан мерейтой суретшілер (Г. Ысмаилова, В. Эйферт, Е. Карасулова, М. Лизогуб, Н. Нұрмұхаммедов, Л. Брюммер, А. Риттих және басқалары).
Музей коллекциясының жалпы жиынтық ғылыми каталогы бойынша жұмыс жалғасуда. Қазақстан кескіндемесі каталогының (У-Я, театр-декоративті кескіндеме және соңғы жылдардағы жаңа түсімдер) III (соңғы) томы мен орыс өнерінің каталогы баспаға дайын. Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ коллекциясындағы Қытай өнері каталогының макеті аяқталуға жақын.