Events

Фархад Камалов

2026 жылдың 8 мамыр күні сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде қазақстандық мүсінші Фархад Камаловтың «Табиғат тынысы» атты жеке көрмесі мен каталогының тұсаукесері өтеді. Көрмеде 80-ге жуық мүсіндік туындылар қойылады.

Суретшінің туындыларының негізін құраған маска, рельеф, жанрлық композицияларынан – Фархад Камаловтың шығармашылық ауқымының кеңдігін байқауға болады. Туындыларының мазмұнында – күнделікті өмір, рухани әлем, табиғатпен етене байланыс, махаббат, музыка, ата-баба жады сияқты мәңгілік тақырыптар тоғысады. Суретшінің пластикалық тілі бірде философиялық тереңдікке, бірде өмірлік әзіл мен лирикалық нәзіктікке толы. Бұл қасиеттер оның шығармаларында даралық сипат беріп, көрерменді сыртқы формадан ішкі мәнге үңілуге жетелейді.

Фархад Камалов – ағаштың табиғатын терең түсінетін, сезінетін шебер. Ол өз еңбектерінде материалдың барлық мүмкіндігін ашуға тырысады. Суретші ағаштың құрылымдық ерекшелігін терең зерттеп, сол арқылы мүсіндік бейненің пластикалық шешімін тапқан. Мүсіншінің шығармашылығында қарағаш ерекше орын алады. Шебер үшін ол – тек сүйікті ағаш қана емес, өмір философиясының символы. Мүсінші қарағаштың иірімді фактурасынан, діңі мен қабығының табиғи бедерінен болашақ образдың нышанын жасайды.

Фархад Гаянұлы Камалов 1947 жылы дүниеге келген. Алматы қаласындағы Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін тәмамдаған. 1988 жылдан бері Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Фархад Камалов – шығармашылығы халықаралық деңгейде танылған суреткер. Ол Ресейде, Югославияда, Францияда, Англияда және Кипрде өткен, сондай-ақ ЕҚЫҰ аясында Еуропаның бірқатар елдерінде ұйымдастырылған көрмелерге қатысқан. «Мәдениет саласының үздігі» медалімен марапатталған. Мүсіншінің туындылары Чехия, Германия, Югославия, Ресей, Польша, Франция және АҚШ-тағы жеке коллекцияларда сақтаулы. Қазақстанда оның еңбектері Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік тарихи музейі, Қазақ ұлттық музыкалық аспаптар музейі, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, сондай-ақ Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қорларында лайықты орын алған.

Көрме 2026 жылдың 29 мамырына дейін жалғасады.

 Көрме жетекшісі: Абильдаева Лаура

Official Instagram Page