Events

«БОЯУДАҒЫ БАЛАЛАР ҮНІ»

2026 жылғы 29 мамыр күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «АРТ-Лаборатория» бейнелеу студиясының «БОЯУДАҒЫ БАЛАЛАР ҮНІ» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.

Экспозицияда балалар мен жасөспірімдердің кескіндеме және графика бағыттарында орындалған 50-ге жуық шығармашылық жұмыстары ұсынылады.

Көрме музейдің бейнелеу студиясы тарапынан Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылып отыр. Бұл жоба студия тәрбиеленушілерінің шығармашылық еңбектерінің қорытындысы ретінде ұсынылып, балалар шығармашылығын қолдауға, эстетикалық тәрбие беруге және жас таланттардың қабілетін дамытуға бағытталған.

Көрменің мақсаты: балалар өнерінің тек шығармашылық жолдың бастауы ғана емес, сонымен қатар уақыттың, қоғамның және рухани құндылықтардың бала көзімен көрініс табуы екенін көрсету. Көрме өскелең ұрпақтың ішкі әлеміне назар аударудың, олардың шығармашылық дамуы мен өз ойын еркін білдіру құқығының маңызын айқындай түседі.

Әрбір туындыда баланың қоршаған ортаға деген шынайы көзқарасы, мейірімге, жарыққа және еркін шығармашылыққа толы ішкі әлемі көрініс табады. Түс, образ және композиция арқылы балалар өздерінің әлемді қабылдауын, арман-қиялын, сезімдері мен ойларын бейнелейді. Шығармаларда түстер палитрасының динамикасы, пішіндердің пластикалық ырғағы мен тондық контрасттардың мәнерлілігі айқын байқалады. Өнермен айналысу балалардың бейнелі ойлауын, қиялын, эмоциялық сезімталдығын және өзіне деген сенімін қалыптастырады. Әсіресе, баланың өнер тілі арқылы өзін еркін жеткізу мүмкіндігі ерекше маңызға ие.

«БОЯУДАҒЫ БАЛАЛАР ҮНІ» – өнер тілі балалық шақтың үніне айналатын, шынайылықты, қиялды және шығармашылыққа деген сүйіспеншілікті тоғыстыратын шабыт кеңістігі.

 

Көрме маусым айының 30 на дейін

 

Көрме жетекшісі: Жуваниязова Гүлнар Қуандыққызы

ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Өнертану магистрі, Музей педагогикасы және экскурсиялық қызметі бөлімінің жетекшісі, АРТ-Лабаратория студиясының жетекшісі

Official Instagram Page