Оқиғалар

Ескен Сергебаевтың «Тәуелсіздік – тұғырым!» көрмесі

2021 жылы 11 қарашада сағат 16.00-де Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде белгілі қазақстандық мүсінші, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Ескен Сергебаевтың «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты жеке көрмесі ашылады. Көрме шебердің туғанына 80 жыл толуына және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған.

 Экспозицияға автордың Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ қорындағы және автордың өзінің әр жылдардағы 70 шығармасы енді. Мүсінші ең алдымен, бейненің эпикалық күші өмірдің өтпелі сәттерінің романтикалық сезімдерімен үйлесетін монументалды жұмыстарымен танымал. Е. Сергебаев – М. Әуезовке, әл-Фарабиге, Абайға, Т. Жүргеновке қойылған ескерткіштердің авторы. Мүсінші сонымен қатар қондырғылы пластика саласында да өнімді еңбек етіп келеді.

Ескен Сергебаев 1940 жылы 19 мамырда Алматыда дүниеге келді. Н. Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде Н. Журавлевтен оқып білім алды. 1969 жылы И. Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтының мүсін факультетін бітірді. 1960 жылдан Қазақ КСР Көркемсурет қорында жұмыс істеді. 1974 жылдан «Өнер» көркемсурет комбинатында бас суретші болды.

Мүсіншінің белсенді шығармашылық қызметі 1960 жылдары, қазіргі заманның қажеттіліктеріне жауап беретін, бойына образдың астарлы мәнін, эпикасы мен аллегориясын біріктіретін жаңа көркемдік стильді қалыптастыруды мақсат еткен, кеңестік өнерге талантты суретшілер мен мүсіншілердің жаңа буыны келген кезде басталды. Е. Сергебаевтың ертеректегі «С. Айтбаевтың портреті» (1967), «Абай» (1968), «Замандастың портреті» (1972) композициялары формасының жалпылығымен, сұлбаның орнықтылығымен және тұтастығымен, ішкі энергетикасымен және автордың зымыраған уақыт сезімін, әкелер мен балалар ұрпақтарының рухани сабақтастығының маңыздылығын жеткізуге ұмтылысымен ерекшеленеді. 1980-жылдардағы еңбектерінде шебер монументалды стильге, өткен мен бүгінді философиялық пайымдауға бет бұрады.

ҚР Көркемөнер Академиясының толық мүшесі Е. Сергебаев оқытушылық қызметті қызу атқарып келеді. 1969 жылдан бастап Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде, ал 1978 жылдан театр және көркемсурет институтында оқытушы, кейіннен доцент болып жұмыс істеді. 2010 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Е.Сергебаев Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында мүсін кафедрасының меңгерушісі, профессоры қызметін атқарады.

Көрменің ашылуында Е. Сергебаевтың туындыларының альбом-каталогы ұсынылады.

Көрме желтоқсан айының 12-не дейін жалғасады.

sergebaev-001
sergebaev-002
sergebaev-004
sergebaev-003
sergebaev-005
sergebaev-006
sergebaev-008
sergebaev-007
sergebaev-009