2021 жылдың 21желтоқсан күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде белгілі сәулеткер-суретші Молжігіт Берік Ұзақбайұлының «Ұшқан ұя» атты жеке шығармашылық көрмесінің ашылуы салтанаты өтеді. Экспозицияда суретшінің 80-нен астам кескіндемелік, графикалық туындыларымен қатар, сәулет өнеріндегі нысандар жобалары бейнеленген бірнеше планшеттер ұсынылады.
Молжігіт Берік Қазақстанда көптеген қалалалардың әсем ғимараттар жобасының авторы, 40 жылға жуық сәулет-жобалау саласында жетекші сәулетші, жобалардың бас сәулетшісі қызметін атқарып, қалалардың көркеюіне елеулі үлес қосып келе жатыр. Солардың ішінде, Алматы әуежайындағы жолаушыларға арналған жаңа терминал (2003), Тараз қаласындағы спорт сарайы (2011), Астанадағы «Керуен» ойын-сауық кешені (2008), Думан ықшамауданындағы 1000 орындыққа арналған мектеп (2003) және тағы басқалар. Суретші өз шығармашылығында сәулет өнері мен кескіндеме, графикада жеңіл, еркін жұмыс істеп, барлығын қатар алып жүреді.
Берік Молжігіттің негізгі кәсібі сәулеткер, бірақ кескіндеме мен графика оның өміріне гармония әкелетін, эмоциялар мен сезімдерге ерік беретін жан дүниесінің бір бөлігі болды. Мысалы, «Балалық» (2012), «Ұшқан ұя» (2017), «Әжемнің бейнесі» (2020) туындылары суретшінің көкейінде қалған балалық шақтың бал күндері, сағынған сағым жылдарының естеліктері.
Берік Молжігіт Ұзақбайұлы 1952 жылы 6 шілдеде Орал облысының Жымпиты ауданы, Елтай елді мекенінде дүниеге келген. 1973 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітіріп, 1984 жылы Ленинградтағы КСРО көркемөнер Академиясының И.Е. Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтында, сәулеткер-суретші мамандығы бойынша тәмәмдады.
Молжігіт Берік Ұзақбайұлы – Қазақстанның кұрметті сәулетшісі, Қазақстан Республикасының Сәулетшілер және Суретшілер одағының мүшесі, Болгария сәулетшілер одағы «Алтын капитель», XII Дүниежүзілік сәулетшілер триенналесі «INTERARCH‑2012» «Алтын медаль» марапатының иегері.
Көрме 2022 жылдың 20 қаңтарына дейін жалғасады.
Көрме кураторы – Әбілдаева Лаура