Оқиғалар

Алиарова Васпие Исмаилқызының «Қырымтатарларының ғажайып кесте өрнектері» атты жеке көрмесі

2022 жылы 30 наурызда сағат 16.00-де Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында Алиарова Васпие Исмаилқызының «Қырымтатарларының ғажайып кесте өрнектері» атты жеке көрмесі ашылады.

Бұл – Алиарова Васпие Исмаилқызының бірінші көрмесі. Экспозицияға 50 шақты сәндік кесте заттары қойылған. Олардың арасында – тұмарлар, Құранның тысқаптары, әйелдердің фес деп аталатын бас киімдері, клатчтар, әмияндар, сөмкелер және панолар бар.

Қырым татарларының кесте өнерінің тарихына көз сала отырып, біз өнердің осы түрінің көнелігі мен кең тарағаны туралы деректерді табамыз. Қырым татарларының кестелері XVII ғасырда белгілі болды. Ол сызықтар мен түстердің талғампаздығымен, техникалық тәсілдерінің күрделілігіменжәне алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Кестемен көптеген тұрмыстық заттар, бас киімдер, киімдер мен аяқ киімдер безендірілді. XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап алтынмен зерлеп тігу ерекше маңызға ие болды. Халық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының арқасында ұлттық кесте толығымен сақталды.

Ою-өрнек элементтері әлеуметтік маңызды ақпаратты жеткізе алатын тілдің рөлін атқарды. Қырым татарларының ұлттық ою-өрнегі Орьнек деп аталады, ол Қырым татарлары халқының мәдениетіндегі ең көне жетістіктердің бірі. 2021 жылғы 16 желтоқсанда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасын қорғау мәселелері жөніндегі Үкіметаралық комитетінің 16 сессиясында Қырым татарларының ою-өрнегі Орьнек адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді. Қырым татарлары кестесінің құдіреті Васпие Исмаилқызының шығармашылығына да әсер етпей қоймады. Оның барлық шығармаларынан фон мен кестенің ең әдемі реңктерінің үйлесім тапқанын көреміз. Оның жұмысы – ұлттық үлгілердің тікелей көшірмесі емес, ол ою-өрнекті мотивтерді еркін шығармашылық интерпретациямен бере білген және үйлесімді аяқталған композицияны құраалған. Міне, Васпие Исмаилқызының жұмыстарының ерекшелігі осында.

Алиарова Васпие Исмаилқызы 1951 жылы 17 қазанда Алматы облысы Шелек ауданының Октябрь ауылында дүниеге келді. 1976 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік универсиететін аяқтады. Қырық жыл бойы мектепте география пәнінен сабақ берді. Васпие Исмаилқызының шығармашылығы 2014 жылы басталды. Ол өзінің осы өнерге деген дағдысын жыл сайын Қырымға барып жүріп, халық шеберлері Каишева Лилиден, Кипчакова Халидеден, Курмаева Венераден үйренді.

Өз халқының өнеріне деген қызығушылығы оның шағырмашылық қызметіне дейін көп бұрын пайда болған еді. Дәстүрлі киімдегі, тұрмыстық заттардағы ою-өрнектің таңғажайып сұлулығы бала санасында айқын із қалдырды. Қырымның алтынмен зерлеп тігетін шеберлерінің қажырлы, бірақ өте қызықты жұмысы оның қиялы мен осы сұлулықты өз бетімен жасауға деген ұмтылысын көрсетуге шығармашылық серпін берді.

Алиарова Васпиенің сәндік панноларының композициясы негізінен симметриялық тізбекке тізілген гүлді және өсімдік өрнекті сәндік мотивтер. Ол объектілерді, көлемді, жарық-көлеңкені, тереңдік пен фактураны беруге тырысып, реңктерді мұқият таңдайды.

Алиарова Васпие сегіз жыл бойы түрлі іс-шараларға арналған топтық көрмелерге қатысты. Мысалы, 2018 жылы Алматы қаласының музейінде Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан «Қырым татарларының көрмесіне» қатысты. Шығармашылық Васпие Исмаилқызының көңіліне жұбаныш, бойына шабыт пен қуаныш әкеледі. Болашақта ол басқа да дәстүрлі кесте техникаларын қолдана отырып, өнерін жалғастыруды жоспарлап отыр.

Н.А. Баженова

Көрмені 2022 ж. 12 сәуірге дейін тамашалауға болады

Жұмыс уақыты: 10-00 – 18-00. Демалыс күн: дүйсенбі

Көрме жетекшісі Айсұлу Үсентаева

----
----
-------1