Оқиғалар

«Алтынның сынығы, асылдың тұяғы» атты Қожықовтар династиясы көрмесі

2023 жылдың 14 наурыз күні, сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, кинорежиссер Сұлтанахмет Қожыковтың туғанына 100 жыл мерейтойына орай «Алтынның сынығы, асылдың тұяғы» атты Қожықовтар династиясы көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.

         Аталмыш көрме Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі  қазақ өнерінің дамуына орасан үлесін қосқан Қожықовтар әулетінің шығармашлығын халық назарына паш ету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Көрмеде музейдің алтын қорындағы суретші Қожа-Ахмет, Құлахмет Қожықовтардың және Латипа Мұңайтпасқызы (Ләпин) Қожықованың шығармашылық туындылары қойылған. Сонымен қатар қазақ кино әлемінде есімі алтын әріппен жазылған, кинорежиссер Сұлтанахмет Қожықовтың түсірген «Қыз-Жібек», «Біз Жетісуданбыз», «Ана мен бала», «Біздікілерді біл!», «Шыңдағы шынарда», «Егер біздің әрқайсымыз...» киноларынан фотосуреттер, 1940 жылдары газет-журналдарда жарияланған шарж шығармашылық жұмыстары көрермен назарына ұсыналады. 

         Қазақ өнерінің төрт тарланы Қожа-Ахмет, Құлахмет, Нұрақмет, Сұлтанахмет Қожықовтың әкесі – XIX ға­сырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы айтулы қазақ зиялы­сының бірі, ағартушы, реформатор педагог, мәдениет тарихын зерттеуші ғалым, «Алаш» қозғалысының мүшесі, көрнекті саяси және қоғам қайраткері Қоңырқожа Қо­жықовтың (1880–1938), анасы – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш театр суретшісі, сахна безендіруші, халық ісмері, КСРО Суретшілер одағының мүшесі Ләтипа         Мұ­­ңайтпасқызы Ләпиннің (1893–1960) өмір жолын баяндайтын архивтік құжаттармен де таныса аласыздар.

Көрме сәуір айының 11-не дейін жалғасады.

 

Көрме жетекшісі: Жуваниязова Гулнар,

Әбілхан Қастеев ат. ҚР МӨМ-нің «Педагогика және жобалау қызметі» бөлімінің жетекшісі