2023 жылы 3 қазанда, сағат 16.00-де Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің 85 жылдығына орай «ҰРПАҚҚА МҰРА - ӨНЕР» атты көрме өтеді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі және Қазақстан Республикасы Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің қолдауымен ұйымдастырылатын көрмеге колледж оқытушылары мен 1960-2010 жылдардағы колледж түлектерінің таңдаулы, үздік туындылары қойылады.
Колледж бейнелеу өнері саласындағы барлық мамандық иелерін даярлайтын тұңғыш кәсіби оқу орны ретінде 1938 жылы Алматыда қазақ көркем сурет училищесі болып ашылды. Айтулы оқу ордасында Қазақстанның бейнелеу өнерінде айтарлықтай із қалдырған атақты суретшілер А.Ғалымбаева, Г.Исмаилова, С.Мәмбеев, Н.Нұрмұхамедов, М.Кенбаев, Қ.Телжанов, Д. Шоқпарұлы, Х.Наурызбаев, Е.Сергебаев, Ж. Кайрамбаев, А. Дүзелханов және т.б. суретшілер білім алып, тәрбиеленді.
Оқу ордасынан шыққан қаншама колледж түлектері бүгінде қазақ ұлттық колөнері мен бейнелеу өнерін дамыту жолында аянбай еңбек етіп, ел мәдениетін көркейтуге өз үлесін қосып келеді. Колледж оқытушылары мен әр жылдардағы түлектерінің үздік шығармашылық жұмыстарынан тұратын, ұрпақтар арасында сабақтастықты арттыруды мақсат еткен мазмұнды көрменің ашылу салтанатына шақырамыз!
Көрменің ашылу салтанатын Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің «Көшпенділер әуені» ансамблі сүйемелдейді. Көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері, «Қазақ халқының аспаптары» кафедрасының меңгерушісі Измуратова Замзагул Шаріпқызы. Сонымен қатар, 2023 жылғы «Киім дизайны» мамандығы түлектерінің диплом жобалары «Үнсіз дала» және «Уақыт мұрасы» дефилесі көрсетіледі. Жетекшісі арнайы пән оқытушысы Сексенбаева Озипа Нұржанқызы.