Оқиғалар

Суретші-педагог Ақрап Жұбановтың 95 жылдығына арналған Республикалық көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.

2023 жылдың 29 қараша айында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде қр көркем академиясының ұйымдастыруымен қоғам қайраткері, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚазССР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер Академиясының Академигі, суретші- педагог Ақрап Жұбановтың 95 жылдығына арналған Республикалық көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.

Аталмыш көрме қазақ бейнелеу өнерінің кәсіби деңгейге жетуге, өнердің әр саласы бойынша тұрақты білім алу жүйесін қалыптастыруға өзінің үлесін қосқан суретші-педагог, қоғам қайраткері Ақрап Құдайбергенұлы Жұбановтың 95 жылдығына арналған республикалық көрмені Қазақстан Республикасының көркем академиясы ұйымдастырып отыр. Бұл көрмеде еліміздің Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент, Тараз, Өскемен, Талдықорған, Аламаты облысы өңірінен 120 суретші қатысуда. Көрмеде кескіндеме, графика, мүсін, қолданбалы өнерінен 150 ге жуық туындылар қойылған.

Көрменің ерекшелігі 1963-1992 жылдар аралығында суретші-педагог Ақрап Құдайбергенұлы басшылық еткен Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде әр кезеңде білім алған түлектер «Ұстазға тағзым» ретінде өз шығармашылық туындыларын көрермен назарыны паш етіп отыр. Бүгінде, сол өнердің қара шаңырағында тәрбиеленіп, суретші атанған түлектердің ішінде есімдері тарихта алтын әріппен жазылған аға буын өнер саңлақтары көрмеде өмірлік тәжірибесін, ішкі әлемін, өзіндік тұлғалық мәнерін, креативті ой-тұжырымын, өзгеше потенциялдарын ортаға салып, мағыналы да, мәнді туындыларын ұсынады. Суретшілердің шығармашылық туындылары ұлттық тарихты, мәдениетті, салт-дәстүрді дәріптейтін және бүгінгі таңдағы әлеументтік тақырыпта сыр шерте ой-сананы сан тарапқа жетелейтін композициялық идеялары, ондағы динамикалық үндестік және уақыт кеңістігіндегі болмысты дәріптейді.

Суретші-педагог Жұбанов Ақрап Құдайбергенұлы 1927  жылы 7 қарашада  Ақтөбе  облысы Мұғалжар ауданында дүниеге келді. Ақраптың әкесі қазақ зиялы азаматтарының бір, ғалым-лингвист профессоры, түріктанушы, педагог Құдайберген Қуанұлы Жұбанов (1899-1938).

А.Қ Жұбанов 1949 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1958 жылы Ленинград қаласындағы В.И. Мухин атындағы ВХПУ-ді бітірді.

Қоғам қайраткері Ақрап Жұбановтың 95 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл көрмеде – тарихтың өткен сарыны мен бүгінгі ақиқатында 85 жылдық тарихы бар білім ордасымен тағдыры тікелей байланысты өнер саңлақтарының шығармашылықтары заман ағымына қарай сабақтасып, қазақ бейнелеу өнерінің едәуір өркендеу үрдісіне үлес қосқан суретшілердің тұлғалық бейнесі айқындалады.

Экспозицияда суретшілердің бейнелеу мен қолданбалы өнерінің әрбір жанрда реалистік, абстракциялық, авангардтық, минимализмдік, концептуалдық мәнердегі көркемдік идеяларын, заманауи көркем шығармашылықтың авторлық мәнерін кеңінен тануға мүмкіншілік береді.

Көрме желтоқсан айының 30 на дейін жалғасады.

 

  Көрме жетекшісі: Жуваниязова Гүлнар Қуандыққызы,

 Әбілхан Қастеев ат. ҚР МӨМ-нің

«Педагогика және жобалау қызметі» бөлімінің жетекшісі