Оқиғалар

Суретші Руслан Юсуповтың (1950-2021) туғанына 75 жыл толуына арналған «Жер тынысы» атты мерейтойлық жеке көрмесі ашылады.

2025 жылдың 4 сәуір күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде суретші Руслан Юсуповтың (1950-2021) туғанына 75 жыл толуына арналған «Жер тынысы» атты мерейтойлық жеке көрмесі ашылады.

Белгілі қазақстандық суретші Руслан Юсуповтың (1950-2021) «Жер тынысы» көрмесі шығармашылығының ретроспективасы болып табылады. Ол шебердің туғанына 75 жыл толуына арналған және елу жылдан астам белсенді көркемдік қызметте жасалған 70-тен астам туындыны қамтиды.  Бұл Руслан Юсуповтың Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіндегі үшінші жеке көрмесі. Суретшінің өнері Батыс пен Шығыс өнерінің классикалық дәстүрлері мен жаңашыл жетістіктерін үйлестірді. Оның шығармалары бейнелеу мәдениетінің жоғарылығымен, тақырыптық мазмұнының алуандығымен, бейнелі тілдің символдық шарттылығымен, өзін қоршаған өмір көріністерін философиялық тұрғыдан түсінуге ұмтылуымен ерекшеленеді.

Руслан Зайнитдинұлы Юсупов 1950 - жылы Құлжа қаласында (ҚХР) дүниеге келген. 1970 - жылы Н.Гоголь атындағы Алматы көркемөнер училищесін бітірді. 1979 - жылы Ташкент театр-көркемөнер институтында оқуын аяқтады. 1972 - жылдан бастап, республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелердің қатысушысы. 1980 - жылдан бастап, Алматы театр-көркемсурет институтында және өнер академиясында (қазіргі Т.Жүргенев атындағы ҚазҰӨА) сабақ берді. 1983 - жылғы «Жігер» республикалық өнер фестивалінің дипломанты. 1984 - жылдан КСРО және Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі. Шыңжаң өнер институтында сабақ берді (Үрімші қ.). Шыңжаң, Италия, Үндістанға шығармашылық сапарларға барды. «Ильхам» сыйлығының лауреаты (2002).

Руслан Юсуповтың шығармашылық қызметінің басталуы 1970 - жылдардың ортасында болды, бұл уақыт тарихта «тоқырау кезеңі» деп аталды, бірақ іс жүзінде кеңестік бейнелеу өнерінің ұлттық мектептерін қалыптастырудың маңызды кезеңі болды. Ретроспективті көрме Р. Юсупов шығармашылығының дамуын бақылауға мүмкіндік береді, суретшінің әр кезеңіндегі ізденістері мен жетістіктерінің күрделі үрдісін көрсетеді.

  1990 - жылдары Руслан Юсуповтың өзіне тән көркемдік стилі қалыптасты. Бұған 1990 - жылдары Руслан Юсуповтың Шыңжаңның ежелгі қалаларында жасаған бірнеше шығармашылық сапарлары ықпал етті. Осы саяхаттардың нәтижесінде ол өткен мен бүгіннің сабақтастығын терең философиялық тұрғыдан түсінумен бірге, өз халқының тарихи жадын бейнелеу құралдарымен жүзеге асыру міндетіне жауап беретін жаңа стильде орындалған картиналар циклын жасады.

  Руслан Юсуповтың туындылары бүгінгі күні де бізге шебердің керемет сәулелену сәттерін сыйлауды жалғастырады, ол арқылы бізді қоршап ортаның барлығы өмірдің шынайы ақиқатының, оның мағынасы мен ондағы біздің мақсатымыздың дауысын білдіре отырып, бір сәтке ерекше биік жарықта көрінеді.

          Суретшінің туындылары Қазақстан музейлерінде, Франция, Германия, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Түркияның жеке коллекцияларында бар.

           Экспозиция 2025 жылдың 27 сәуіріне дейін жалғасады.

 

Көрме жетекшісі – Әмір Джадайбаев

01
04
02
03