Оқиғалар

Белгілі қазақстандық суретші, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі Иван Стадничуктың (1913-2000) 112 жылдығына арналған жеке көрмесінің ашылуы өтеді.

2025 жылдың 9 сәуірі күні сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде белгілі қазақстандық суретші, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі Иван Стадничуктың (1913-2000) 112 жылдығына арналған жеке көрмесінің ашылуы өтеді. Экспозицияда отбасылық коллекциядан, сонымен қатар Әбілхан Қастеев атындағы ҚР МӨМ қорынан автордың 50-ден астам кескіндемелік, акварельдік туындылары ұсынылады.

Суретші шығармашылығы –  көрерменіне жарқын да, қуанышқа толы әсер сыйлайтын тұтас әлем. Өткен күн мен  бүгінді тоғыстырған  көп түсті палитрамен біріктірілген композицияларындағы әртүрлі көңіл-күй бейнеленген портрет, пейзаж, натюрморттардың барлығы табиғат пен алуан түс әсемдігімен  жарысқандай сезім қалдырады. Қылқалам түсірген әрбір бояуда суретшінің жігерлі сезімі мен шабыттардың тұтас үйлесімділігі сезіледі.

И.Стадничук шығармашылығының маңызды бөлімі акварель жұмыстары болып табылады. Суретші нәзік бояуларды ауыстыра отырып,  пейзаждардағы түстерді, натюрморттағы заттардың материалдылығын, сонымен қатар шебердің сәлдегүлінің сәнді гүл шоғы болсын, қарапайым түймедақ гүлі болсын сүйікті гүлдерінің табиғи бейнесі мен  техниканың бірегей мүмкіндіктерін айқын көрсетеді.

Иван Яковлевич Стадничук 1913-жылы Украинаның Бердычев қаласының маңындағы Халаимгородок ауылында дүниеге келген. ҰОС ардагері. Қызыл Жұлдыз орденімен және КСРО медальдарымен марапатталған. Суретші Өзбекстанда, Бұхарда, Самарқанда және Ташкентте тұрды. Танымал мүсінші Я.Кучиспен кездесуі оның суретші болуға деген ұмтылысына әсер етті. 1940 - жылы Ташкент көркемөнер училищесін бітіргеннен кейін, И.Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтына түсті. Атақты график-иллюстратор, РКФСР еңбек сіңірген суретшісі М.З.Рудаковтан дәріс алған.

1952-жылы суретші Алматыға келіп, Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде, Абай атындағы ҚазПИ-да ұстаздық қызмет атқара жүріп, ізбасарларын тәрбиеледі. Қазақстан Суретшілер одағының шығармашылық және қоғамдық өміріне белсене қатысты. Суретшінің өмірінде ерекше орын алған «Пятница» әуесқой суретшілер студиясын құрып, онда  30 жылдан астам уақыт жетекшілік еткен. Ол Қазақстанда бейнелеу өнерінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты. Суретшінің жұмыстары Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өнер музейінің қоры мен бүкіл әлем бойынша музейлер мен жеке жинақтарда сақтаулы.

 

Экспозиция мамыр айының 4-не дейін жалғасады.

 

Көрменің кураторы: Лаура Әбілдаева

11
10
12-1
8-2
9