Оқиғалар

Светлана Александровна Полянскаяның «Көңіл күй симфониясы» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді.

2025 жылдың 13 мамырында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында Светлана Александровна Полянскаяның «Көңіл күй симфониясы» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді. Экспозицияға 60-тан астам кескіндеме және графика туындылары қойылады.

 

Светлана Полянская Алматы қаласында дүниеге келген. Ол 76 жасында шығармашылыққа шын мәнінде қызығушылық танытып, өнерге ерекше көңіл бөле бастады. Суретші қала пейзаждарын, натюрморт мен портреттерді орындау үшін, майлы бояу және акварель техникаларын пайдаланады. 2024 жылы Алматы қаласының Мемлекеттік архивінде «Дебют» атты алғашқы жеке көрмесі өтті. Сол жылы С.А. Полянская Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде ұйымдастырылған «Көктемгі рапсодия» атты қалалық көрмесіне қатысты.

«Сау денеде – салауатты рух», - дейді Светлана Александровна. Ол өмірге құштар, белсенді жан ретінде 82 жасында да салауатты өмір салтын ұстанып келеді: тауға серуен жасайды, йогамен, пилатеспен және жүзумен айналысады. Жастық шағында парашют спортымен әуестенген. Зейнетке шыққаннан кейін фотографтар мен суретшілердің көрмелеріне жиі барып тұратын болды. Сол шабытпен алғашқы жұмыстарын жасау үшін «Нөмірмен сурет салу» жинақтарын сатып ала бастады. Соның арқасында сурет салу қызығушылығы артып, бояулар және қылқаламмен жұмыс істеу дағдылары қалыптасты.

Көрмелердің бірінде Светлана Полянская «Вернисаж» галереясында сурет сабағын өткізетін суретші Анна Петраковамен танысты. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, тәжірибелі педагог Аннаның жетекшілігімен Светлана Александровна өзіне деген сенімін арттырып, шығармашылыққа құлшына кірісті. Бұған дәлел — оның екінші жеке көрмесі.

Суретші өз шеберлігін дамытып, лайықты деңгейге жету үшін небәрі бес жыл жеткілікті болды. Оның туындылары көрермендердің қызығушылығын тудырды. Бұл оқиға — қабілетті ашуға, өмірді мазмұнды әрі қызықты етуге ешқашан кеш емес екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.

 

Көрме 2025 жылдың 27 мамырына дейін жалғасады.

Жұмыс уақыты: 10:00 – 19:00

Демалыс күні: дүйсенбі

Жетекшісі: Тимур Шарипов