Оқиғалар

Қазақстандық дарынды суретші, кескіндеме магистрі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Индира Бадамбаеваның «Мәңгілік көктем» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді.

2025 жылдың 14 мамырында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде қазақстандық дарынды суретші, кескіндеме магистрі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Индира Бадамбаеваның «Мәңгілік көктем» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді.

 

«Мәңгілік көктем» – Индира Бадамбаеваның көрерменге жол тартатын бесінші дербес көрмесі. Бұл – көктем мезгіліне арналған, табиғатты тірі және нұрлы кеңістік ретінде қабылдау идеясын жалғастыратын ерекше туынды.

Индира Бадамбаева – кескіндеме және графика саласында жұмыс істейтін көп қырлы дарын иесі. Оның стилі академиялық мектептің, табиғатқа рухани категория ретінде қызығушылықтың және жарыққа деген ұмтылыстың тоғысқан жерінде қалыптасқан. Суретші пейзаж бен натюрмортқа да, мифологиялық бейнелер мен форманың ішкі қозғалысы оқылатын тұжырымдамалық сериялар жасауға да қызығушылық танытады.

     «Мәңгілік көктем» көрмесі – уақыттан тыс кеңістіктің символы ретінде бақтың бейнесіне арналған көркем және кескіндемелік айналым. Гүлдер (гүлшетен, бақбақ, түймедақ, лалагүл) сәндік немесе тұрмыстық элементтер ретінде емес, жарық пен тынысқа толы тірі жаратылыстар ретінде ұсынылған. Олардың бейнесі жанрлық шеңберлерден тыс, бұл туындыларды тыныштық пен ішкі оянудың тұтас ағыны ретінде қабылдауға мүмкіндік береді.

Экспозицияда гүлді ортаға үйлесімді түрде енгізілген балалар портреттеріне ерекше назар аударылады. Суретші моделдің психологиялық жағдайын дәл пластика мен жарық арқылы жеткізе білген. Балалардың бейнелері жасанды сезімталдықтан ада – олар гүлденген табиғаттың жалғасы, оның үні іспетті әсер қалдырады.

Түстік палитра пастелді реңктерден қанық жасыл және ашық алтындай түстерге дейін құбылады. Түстермен жұмыс жасау француз импрессионизмінің, ең алдымен Клод Моненің әсерін көрсетеді. Дегенмен,  Индира өткінші сәттілікке емес, тұрақтылық пен ішкі үндестікке ұмтылады. Суретші: «Моне Жаратушыға жақын», – деп атап өтіп, кескіндеме арқылы тірі бастауға жақындауға деген өз талпынысын көрсетеді.

    Экспозицияға 2008-2025- жылдар аралығында жасалған 21 кескіндемелік жұмыс енгізілген. Олардың арасында портреттер, пейзаждар, гүлді композициялар және аллегориялық туындылар бар. Көрмедегі әрбір жұмыс – көктемнің, оның жарығының, тынысының жеке күнделігі іспетті.

Индира Бадамбаева – республикалық және халықаралық жобалардың қатысушысы, «Гүлдер елі» атты арт-бояу кітабының және «Harper’s Bazaar Kazakhstan» журналы мұқабасының авторы, сондай-ақ «Көк ту» бейнебаяны мен «Латын әліпбиіндегі қазақ әліпбиі» жобасы сияқты бірқатар мәдени бастамалардың тең авторы. Суретшінің жұмыстары Қазақстан, Ұлыбритания, Испания, Италия, Германия, АҚШ және басқа да елдердің жеке коллекцияларында сақтаулы.

 

Экспозиция маусым айының 4-не дейін жалғасады.

 

Көрме жетекшісі -  Сырғабаев С.Б.

WhatsApp-Image-2025-05-12-at-160952-3
WhatsApp-Image-2025-05-12-at-160952
WhatsApp-Image-2025-05-12-at-160952-1
WhatsApp-Image-2025-05-12-at-160953-1
WhatsApp-Image-2025-05-12-at-160952-2