Оқиғалар

Ықласова Майса Қамысбайқызының «Киелі киіз өнерім» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді.

2025 жылдың 25 шілдесі күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлкеттік өнер музейінің Орталық көрме залында Ықласова Майса Қамысбайқызының «Киелі киіз өнерім» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді. Көрмеде 40‑тан астам киіз және графикалық туындылар ұсынылады.

 

Майса Ықласова 1956 жылы 12 шілдеде Ресей Федерациясының Новосібір облысы, Қарасұқ ауданы, Жаңажол ауылында дүниеге келген. Ол - Қазақстан Республикасының Суретшілер Одағының мүшесі, театр суретшісі, график және қолданбалы сәндік өнер шебері.

 

1979 жылы Шымкент қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер училищесін бітірген. 1981-1986 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Алматы театр‑өнер институтында «Сценография, театр техникасы және спектакльді көркемдеу» мамандығы бойынша білім алған. 1985 жылы студент кезінде «Алатау» ұлттық телеарнасына шақырылып, кәсіби жолын бастаған. Сонымен қатар елордалық жасөспірімдер театрында костюм суретшісі болып еңбек еткен, Республикалық телеарналарға арналған телефильмдер мен спектакльдердің жасалуына атсалысқан.

 

1997-2002 жылдары Ж. Аймауытов атындағы Павлодар музыкалық‑драмалық театрының қоюшы-суретшісі, кейін бас суретшісі болды. 2002-2017 жылдары Павлодар мемлекеттік университетінде «Сәулет және дизайн» кафедрасында аға оқытушы қызметін атқарды. Осы кезеңде ол Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы театрда бірқатар спектакльдерді көркемдеуді ұйымдастырып, Алматыдағы «Белсенді ұзақ өмір орталығында» сәндік-қолданбалы өнер сабақтарын өткізген.

 

Майса Ықласованың шығармашылығы кең ауқымды: кескіндеме, графика, қарындашпен орындалған портреттер, батик техникасындағы туындылар оның өзіндік қолтаңбасын айқындайды. Соңғы жылдары суретші өз шығармашылығында жылы, фактурасы бай әрі жанына жақын киіз материалын жиі қолдана бастады. Мерейтойлық көрменің негізгі бөлігін де киіз техникасында орындалған туындылар құрайды. Бұл өнердің қыр-сырын алғашқы ұстазы - әжесінен үйренген шебер бүгінде қазақтың киіз басу дәстүрін заманауи тұрғыда жаңғыртып, бірегей авторлық туындыларымен танылып жүр.

Суретшінің өнерге деген құштарлығы ерте жастан-ақ бой көрсетті. Бала кезінде қолына түскеннің бәріне сурет салатын: қағазға, қабырғаға, тіпті мұғалім болған әкесі әкелетін ескі сынып журналдарына дейін. Ол кезде сапалы қағаз тапшы еді. Сурет салу бірте-бірте оның ішкі қажеттілігіне, ал өнер өмірінің мәні мен өзегіне айналды. Суретші үшін шабыттың қайнар көзі кез-келген нәрсе болуы мүмкін, мысалы адам жүздері, жан тебіреністері, мейірімділік пен табиғаттың сан алуан көңіл күйі.

 

Энергиясы мол, өз ісіне шын берілген шығармашыл тұлға ретінде Майса Ықласова түрлі елдерден жиналған шеберлер қатысатын Ыстықкөлдегі халықаралық пленэрлерге тұрақты түрде қатысып келеді. Осындай шығармашылық сапарлардың бірі төрт елдің суретшілерін біріктірген, Қырғызстан тақырыбына арналған халықаралық көрменің бастамасына айналды. 2023 жылы ол Башқұртстан мемлекеттік көркемөнер музейінің М. В. Нестеров атындағы «Ижад» музейінде өткен үшінші Республикалық ашық киіз өнері фестивалі - «Войлокфестке» қатысты. Аталған фестиваль Ресейдегі Отбасы жылы мен Уфа қаласының 450 жылдығына орай ұйымдастырылған.

 

 

Майса Ықласованың жеке көрмелері:

«Поэзия, менімен егіз бе едің...» («Поэзия, близнец ли, ты мой...»), 2009 жыл, тамыз, Алматы, Ә. Қастеев атындағы музей.

«Жібек жолы» («Шёлковый путь»), 2014 жыл, желтоқсан, Омбы (Ресей), А. С. Пушкин атындағы ғылыми кітапхана.

«Халықаралық қолөнершілер фестивалі» («Международный фестиваль ремесленников»), 2015 жыл, қараша, Абу-Даби (БАӘ).

«Қазақстан поэзиясы аясында» («В рамках поэзии Казахстана»), 2015 жыл, қазан, Астана, Тұңғыш Президент музейі.

«Қайран, 25!» («Где мои 25!»), 2016 жыл, желтоқсан, Павлодар – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай.

«Көктем лебізі» («Весенние пожелания»), 2022 жыл, наурыз, «Алматы» галереясы

 «Өзек» («Суть»), 2023 жыл, маусым, Қаракөл (Қырғызстан).

 

Майса Ықласова - қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі көрмелердің белсенді қатысушысы. Оның туындылары Түркия, Германия, Италия, БАӘ және АҚШ-тың жеке коллекцияларында сақтаулы.

 

Көрме 2025 жылдың 23 тамызына дейін жалғасады.

Жұмыс уақыты: 10.00 - 19.00.

 

Кураторлар: А. Ө. Үсентаева,

Г. А. Садритдинова