Оқиғалар

Синьцзянь өнер музейінің ұйымдастыруымен «Синьцзян-көркем жер» атты халықаралық көрменің ашылуы өтеді. Көрмеге 40-жуық қытай кескіндемесі, майлы бояу, графика, акварель және т.б. техникада орындалған өнер туындылары қойылады.

2025 жылдың 14 желтоқсан күні сағат 11:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде Синьцзянь өнер музейінің ұйымдастыруымен «Синьцзян-көркем жер» атты халықаралық көрменің ашылуы өтеді. Көрмеге 40-жуық қытай кескіндемесі, майлы бояу, графика, акварель және т.б. техникада орындалған өнер туындылары қойылады.

Көрме Синьцзянь суретшілерінің шығармалары арқылы өлкедегі табиғи сұлулықты, тарихи орындарды және халықтардың мәдени дәстүрлерін жан-жақты таныстырады. Экспозицияға қойылған картиналар Құлжа өңірінің көркем табиғатын, тарихпен сабақтас Қилан көне қаласының жұмбақ келбетін, Түюғұ ежелгі ауылдарының ерекше үйлесімі мен этнографиялық тынысы, сондай-ақ Ташқұрған – Памир аймағының көктемгі көрінісі сияқты Шығыс пен Батыс тоғысқан өлкелердің табиғи сұлулығының көрінісін көрермен назарына ұсынады. Бұл туындылар өңірдің кеңістігі мен табиғи үйлесімінің көпқырлы бейнесін ғана емес, сонымен қатар ондағы халықтардың күнделікті өмір салтын, тарихи жады мен дәстүрлі мәдениетін жан-жақты танытады.

Көрме Синьцзянь өңірінің мәдени әр алуандығын айрықша көрсетеді: әртүрлі этностардың өнері мен өмір салты суретшілердің өзіндік тілінде үйлесім тауып, көпэтносты қоғамның бай рухани әлемін паш етеді. Сонымен қатар, көрме Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға, өзара кәсіби тәжірибе алмасуды дамытуға бағытталған маңызды платформа қызметін атқарады.

Көрме қазақстандық көрерменге Синьцзяньның табиғи және мәдени кеңістігіне тереңірек үңілуге мүмкіндік береді, ал өнер саласының мамандарына жаңа шығармашылық ынтымақтастық орнатуға жол ашады.

 

Барлық өнер сүйер қауымды салтанатты ашылу рәсіміне шақырамыз!

 

 

 

Өтетін орны: музей фойесі

Қосымша ақпарат: 8 (727) 394-57-15 (ішкі. 123) - ресепшн

Көрме кураторы: Азат Дидар

+7 700 369 0823