2026 жылдың 20 наурыз күні сағат 16:00 де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінде ҚР Суретшілер одағының мүшелері, ҚР Мәдениет саласының үздіктері, көркемөнер саласының лауреаттары, елімізге танымал үш суретші – КҮЛЖАХАН ОҢҒАРОВА, ГҮЛЬШАТ ДЖУРАЕВА және АЙГҮЛ ҚЫРЫҚБАЕВА шығармашылығын тоғыстырған «ҮШ ӘЛЕМ – БІР ҮН» атты бірлескен шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Экспозицияда 80 жуық туындылар (гобелен, киіз панно, батик) қойылады.
Көрмеде ұсынылған әрбір туындыдан суретшілердің дара шығармашылық қолтаңбасы, көркемдік тілі мен ішкі сезім поэтикасы айқын аңғарылады. Сонымен қатар көрмеде декоративтік-кескіндемелік құрылымда орындалған гобелен, киіз панно және батик туындылары ерекше орын алады. Бұл жұмыстарда сюжеттік, сызықтық және формалық өрілімдер шебер үйлестіріліп, дәстүрлі техникалар авторлардың жаңашыл көркемдік ізденістерімен сабақтасады.
Суретшілер композициялық идеяларын экспрессиялық тәсілдер арқылы айқындай отырып, өздерінің тұлғалық мәнері мен креативті көзқарасын әртүрлі жанрлар мен көркемдік бағыттарда еркін танытады. Табиғат, кеңістік және адам болмысы тұтас көркемдік тұжырымға айналып, көрерменді терең ой мен рухани толғанысқа жетелейді. Көркем образдардың пластикалық құрылымы мен ырғақты композициясы авторлардың дүниетанымдық ұстанымдарын айқындап, көрерменге жаңа эстетикалық әсер сыйлайды.
Экспозиция кеңістігінде авторлардың рухани әлемі мен көркемдік дүниетанымы бір арнада тоғысып, заманауи қазақ өнеріндегі өзіндік эстетикалық ізденістері айқындалады. Гобелен, киіз және батик туындыларында табиғаттың тылсым болмысы, уақыт ағысының философиялық тереңдігі және кеңістік үйлесімі ерекше композициялық шешімдер арқылы көркем бейнеге айналған.
Композициялық идея мен көркемдік мәнердің үйлесімі экспрессиялық серпін тудырып, көркем образдардың қайталанатын формалары мен ашық, қанық колористикалық реңктер әлемнің динамикалық қозғалысын сезіндіреді. Әр автордың шығармашылық қолтаңбасы өзіндік пластикалық құрылымымен, композициялық жүйесімен және колористикалық үндестігімен дараланып, көрменің көркемдік тұтастығын қалыптастырады.
Суретшілердің шығармашылық болмысы үнемі ізденіс пен ой-толғаныс үдерісінде қалыптасатыны белгілі. Көрермен санасына және жүрегіне көркем бейнені жеткізуге ұмтылып, авторлар өмірлік әсерлер мен бақылауларын өз дүниетанымының призмасы арқылы өткізіп, терең философиялық ой түйінін бейнелік формаға айналдырады. Осылайша әрбір туынды тек эстетикалық әсер ғана емес, адамның ішкі әлемі мен табиғат арасындағы үйлесімді байланысты сезіндіретін көркемдік ой-толғам ретінде қабылданады.
Көрме жетекшісі: Жуваниязова Гүлнар Қуандыққызы
ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, өнертану магистрі, Музей педагогикасы және экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі
Көрме 19 - сәуірге дейін жалғасады.

