2025 жылдың 7 қараша күні, сағат 16.00 де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында ҚР Суретшілер одағының мүшелері Құралай Аманжолова, Виктория Цой, Светлана Цой суретшілердің «АЛМАТЫДАҒЫ СЕРУЕН» атты бірлескен шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Экспозицияда 80 жуық кескіндеме туындылар қойылады.
Аталмыш көрмеде суретшілер пленэрлік туындыларында Алматы қаласының сұлу келбетін бейнелей отырып, күнделікті қозғалыс пен құбылыстың уақытын тоқтатып, қас қағым сәтті мәңгілікке айналдырғандай әсер қалдырады. Қылқалам шеберлері – Құралай Аманжолова, Светлана Цой, Виктория Цой әрбір сюжеттік композициясындағы ерекше палитра арқылы уақыт кеңістігінің динамикалық ырғағын сезінуге және сол атмосфераны еркін қабылдауға мүмкіндік береді. Әсіресе, жарық пен түстің қатынасы арқылы суретшілер қаланың таңғы сергектігін, түскі қарбаласын, кешкі тыныштығын бір мезетте көрсете, көрермендер сюжетпен тікелей байланыс орната алатындай әсер туғызған.






