2025 жылы 4 қыркүйек күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында (Желтоқсан 137) Александр Синявскийдің «ЧАқРЫ ГОР!» атты жеке фотокөрмесінің ашылуы өтеді. Көрмеде 70-тан астам туынды ұсынылады.
Александр Синявский 1944 жылы Алматы облысының Чиен ауылында мектеп мұғалімінің отбасында дүниеге келген. 1950 жылы оның әкесі Андрей Васильевич Синявский Алматы зообағына жұмысқа шақырылды. Ол мұнда суретші де, фотограф та, экскурсия жетекшісі де болды. Кейін балаларға арналған жануарлар туралы он екі кітап жазып, иллюстрациясын салды, сондай-ақ газет пен журналдарда өз суреттері мен фотосуреттерімен бірге 1000-нан астам әңгімесін жариялады.