Оқиғалар

«XIX-XX ғасырлардағы еуропалық кескіндеме» көрмесінің ашылуы өтеді.

2026 жылдың 3 ақпанында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында «XIX-XX ғасырлардағы еуропалық кескіндеме» көрмесінің ашылуы өтеді. Көрмеде еуропалық өнердің екі ғасырын қамтитын түрлі көркемдік мектептер мен бағыттардың көрнекті өкілдері саналатын шеберлердің жеке коллекцияларынан алынған 20-дан астам кескіндеме туындысы көпшілік назарына ұсынылады.

 

Көрме Қазақстандағы антикварлық өнер саласындағы ең ірі әрі беделді орталықтардың бірі – «Ампир» антикварлық салонынымен бірлесіп ұйымдастырылды. «Ампир» салоны көптеген жылдар бойы сәндік-қолданбалы өнер туындыларын, кескіндеме, фарфор, жиһаз және зергерлік бұйымдарды іздестірумен, атрибуциялаумен және көпшілікке таныстырумен айналысып келеді. Салон қызметі мәдени мұраны сақтауға, сондай-ақ бірегей жәдігерлерді еліміздің музейлік қорларына қайтаруға бағытталған.

Экспозиция XIX-XX ғасырлардағы еуропалық кескіндеменің академизм мен романтизмнен бастап импрессионизм мен модернге дейінгі негізгі бағыттарын қамтиды. Әрбір туынды тарихи-көркемдік анықтамамен толықтырылып, шығарманың жазылған кезеңін, авторлық мәнерін және түс, пішін мен жарық арқылы өрбитін әртүрлі мәдениеттер мен дәуірлер арасындағы көркем диалогты ашып көрсетеді.

Фотограф Репнякова Ольга Сергеевнаның «Сиқырлы гүлдер» атты жеке фотокөрмесінің салтанатты ашылуы болады.

«Барлық адамдар гүлдерді жақсы көреді. Мұның сыры неде? Менің ойымша, бұл – бізді қайта-қайта табиғаттың нәзік бейнесіне тамсандыратын ғажайып сұлулықтың күші. Мен өз туындыларым арқылы гүл әлемінің эстетикалық әсемдігін паш етіп, адамдарды нәзік сұлулығына сүйсіндіріп, осы сиқырлы тартылыс күшінің сырын сәл болса да ашқым келеді.»                                                                                               

                                                                                                Репнякова Ольга Сергеевна

 

2026 жылдың 6 ақпанында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында фотограф Репнякова Ольга Сергеевнаның «Сиқырлы гүлдер» атты жеке фотокөрмесінің салтанатты ашылуы болады. Көрмеде 2016–2025 жылдар аралығында жасалған фотосуреттер ұсынылған.

Көрмеде сұлулықтың, үйлесімнің және өмірлік қуаттың символы саналатын гүлдер әлеміне арналған шамамен 60 авторлық фотожұмыс ұсынылады. Автор өз туындыларында түстің, пішіннің және жарықтың ғажайып үйлесімін аша отырып, нәзік эмоциялық күйді әрі табиғаттың тірі тынысын айқын сезіндіреді. Ольга Репнякованың фотожұмыстарындағы гүлдер – жай ғана бейне нысаны емес, олар шабыттың, қуаныштың және ішкі рухани сауығудың қайнар көзіне айналып, мәңгілік құндылықтарды – сүйіспеншілікті, мейірімділікті және бейбітшілікті дәріптейді.

Ольга Сергеевна Репнякова 1962 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1981 жылы Алматы технологиялық тұрмыстық қызмет көрсету және жеңіл өнеркәсіп техникумын «Фотографиялық өндірістің техник-технологы, фотограф» мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдаған. Балалық шағынан бастап фотография өнеріне шынайы қызығушылық танытып, бұл сала кейіннен оның өмірлік кәсібіне айналды.

Ұзақ жылдар бойы Ольга Сергеевна кәсіби фотограф ретінде еңбек етті. Павлодар қаласында Павлодар трактор зауытында өндірістік эстетика бөлімінің фотографы болып қызмет атқарса, кейін Алматы қаласында шағын зертханаларда түсті басып шығару операторы, фотограф және бақылаушы шебер болып жұмыс істеді. Оның шығармашылық еңбегі әрдайым адамдарға қуаныш пен пайда әкелетін фотосуреттер жасауға бағытталды. Кейін кәсіпкерлік қызметпен айналысты. Қазіргі уақытта зейнеткер, отбасылы, балалары мен немерелері бар, олар оның шығармашылық жолына әрдайым қолдау көрсетіп келеді.

Автор Қазақстанда және шетелде өткен көптеген көрмелер мен халықаралық фотожобалардың қатысушысы әрі лауреаты. Оның жұмыстары Алматы, Павлодар, Екатеринбург және Хайфа қалаларында өткен көрмелерде көпшілік назарына ұсынылған. Ол «Алматының Алтын объективі» жыл сайынғы фотобайқауына бірнеше рет қатысып, номинант атанған. 2018 жылы Д. П. Багаев атындағы «Фотоөнерді дамытуға қосқан үлесі үшін» құрмет медалімен, ал 2019 жылы Salon Ribbon құрмет лентасымен марапатталған.

Өз шығармашылығы жайлы автор былай дейді: «Фотографияның құпиясы қарапайым – өмірді оның барлық қырларымен сүю, ұлтқа да, әлеуметтік мәртебеге де қарамай адамдарды құрметтеу. Әр адам үшін ең басты құндылықтар – сүйіспеншілік, мейірімділік және бейбітшілік».

Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің жөндеуден кейінгі ашылуы

Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің жөндеуден кейінгі ашылуы

 

Құрметті өнерсүйер қауым, қадірлі достар, серіктестер, қала тұрғындары мен қонақтары!

Сіздерді Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің жөндеу жұмыстарынан кейін қайта ашылуымен шын жүректен құттықтай отырып, жаңарған музейімізге қонақ болуға шақырамыз.

2026 жылдың 20 қаңтарында музей өз есігін айқара ашып, келушілерді жаңартылған кеңістікте жаңа экспозицияларымен қарсы алады. Музейде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шатыр мен ішкі бөлмелер толық жаңартылды, еден жабындары ауыстырылды, инженерлік желілер, соның ішінде климатты бақылау жүйесі жаңғыртылды. Залдардың жаңа түстік шешімі бұрыннан таныс кеңістіктер мен экспонаттарды жаңаша қырынан қабылдауға мүмкіндік береді.

Суретші Света Березовскаяның «Жоқ, бұл соңы емес» атты көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді. Экспозицияда 2020–2025 жылдар аралығында жазылған кескіндеме туындылары ұсынылады.

Света Березовскаяның «Жоқ, бұл соңы емес» атты көрмесі ашылады

2025 жылдың 19 желтоқсан күні сағат 16:00-де Қазақстан Республикасы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында суретші Света Березовскаяның «Жоқ, бұл соңы емес» атты көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді. Экспозицияда 2020–2025 жылдар аралығында жазылған кескіндеме туындылары ұсынылады.

Қазақстан Республикасының Суретшілер Одағының Алматы облыстық филиалының кезекті есептік көрмесі ашылады.

  2025 жылдың 12 желтоқсаны күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында Қазақстан Республикасының Суретшілер Одағының Алматы облыстық филиалының кезекті есептік көрмесі ашылады.

     Бұл көрмеге Алматы облысының түрлі аудандарынан жиналған, қазақ елінің өнеріне елеулі еңбек сіңіріп, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған суретшілер қатысады. Олардың қатарында кескіндеме, графика, мүсін, дизайн және сәндік-қолданбалы өнер туындыларының авторлары бар.