2025 жылы 18 мамыр күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Қазақстанның ХХ ғасырдағы және қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнері» каталогының таныстырылымы және «Мәңгілік мұра – уақытпен үндескен өнер» көрмесінің ашылуы өтеді.
«Қазақстанның ХХ ғасырдағы және қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнері» каталогы – Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің қорындағы сәндік-қолданбалы өнер туындыларының алғаш рет толық көлемде ұсынылған басылымы. 1938 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңді қамтитын бұл отандық өнер тарихында маңызды көркемдік құбылыс болып табылатын туындылар қоры шамамен сегіз жүз сақтау бірлігін құрайды. Коллекцияның қалыптасу жылдарында шығармашылықпен белсенді айналысқан суретшілердің қатарында Әбілхан Қастеев, Николай Цивчинский, Александр Риттих, Шажат Оспановтарды атауға болады. Олардың эскиздері бойынша «Кілемші» артелінің шеберлері алғашқы қазақстандық гобелендерді жасап, бұл еңбектер «Мәңгілік мұра – уақытпен үндескен өнер» көрмесінде кеңінен ұсынылады.