Мұхамед Д.Д.
ҚР Мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы
өнер мұражайының қолданбалы өнерін зерттеу орталығының сектор меңгерушісі
Қазақ қол өнерінің көркемдік ерекшелігінің негізі болып киіз басу өнері саналады.
Киізден тұрмысқа қажетті әртүрлі бұйымдар жасаумен қатар оған оюлап, өрнек салудың табиғи ыңғайлылығын пайдалана отырып, сәндік қасиетін көне заманнан бері кеңінен қолданғанын Пазырық (б.д.д.V ғ.) қорғанынан табылған дүниелер айғақтайды.
Археологиялық материалдарға сүйене отырып, адамзат тарихында Пазырыққа дейінгі аралықта киіз басу өнерінің кәсіби қалыптасып, дамығанына көз жеткіземіз, оларды көркемдік шешімі жоғары өнер туындысы ретінде қабылдаймыз.
Жүннен әртүрлі киіз басып, киіз үйге туырлық, үзік, түңлік, дөдеге және тұрмысқа қажетті еденге төсейтін текемет, сырмақтар, тұсқа ілінетін тұскиіздер мен қап түрлерін жасаған. Киізден жасаған бұйымдар қазіргі заманда халықтың генетикалық мәдени қарым-қатынасындағы байланысты көрсететін дерек ретінде қабылданады. Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайы қорында сақтаулы 267 киізден жасалынған бұйымдар – қайталанбас өнер туындысы ғана емес, әлі сыры ашылмаған, толығынан зерттелмеген асыл мұра.
Киізден жасаған бұйымдар 1970-1980 жылдары жан-жақты жүргізілген экспедициялық жұмыстар кезінде молынан толықтырылды.
Әрине, киізден жасалған бұйымдардың ішінде өзінің қанық, ашық түсімен оюлы текеметтер ерекше көз тартады. Мұражай қорындағы текеметтер топтамасы қазақ халқының ертеден келе жатқан киіз басу тәсілінің бар сырын кеңінен меңгеріп, текемет басудағы көркемдік қасиетін толығынан аша білгенін дәлелдейді.
Жалпы алғанда киіз басу барлық жерде бір тәсілмен орындалады. Киіз басуға арналған ши бетіне бірыңғай түсті жүн қалың етіп тартылып, басқа түске боялған жүннен ою түседі. Сонан соң бетіне ыстық су себіліп, шиге еппен оралады да, әрі-бері домалатып теуіп, нығыздалады. Бұдан әрі киіз әбден «піскенше» бірнеше тәсіл қолданылып, толық біткен кезде текеметті жарқыратып күнге жайып қояды. Киіз бетіне ою жүргізетін шебер ел арасында аса құрметке ие. Текеметті бір күн ішінде басып бітеді. Текемет басу барысында ауыл әйелдерінің басы қосылып, әңгіме-дүкен құрады, сөз алмасып, қазан көтереді, көңіл шалқып, соңы той-думанға айналады. Көне заманнан келе жатқан әр ұлттың өз ғұрпына мән-мағына беріп, өмірдің әр күніне сән бере білген заңдылығы осы жерде айқын көрініс береді. Киіз басу тәсілі бір болғанымен текемет бетіне ою салу әр жерде әртүрлі болады да, жергілікті көркемдік ерекшіліктері анық көрініп тұрады.
Басқаға ұқсамайтын ою салу тәсілімен Шығыс Қазақстан текеметтері бірден көзге түседі. Шығыс Қазақстан жерінде тәжірибелі шебердің қолынан шыққан текемет бетіне ою бірыңғай жүйелі түрде жіңішке сужиекпен шілтерленіп түсіп, өз шешімін табады.
Сондай жұмыстардың бірі – Семей облысындағы Сәулебекова Қарлығаның туындысы (35-кз). Жалпы оюдың сары түсі текемет бетінің қоңырқай түсімен өте жылы үндестік тауып, үйлесіп жатса, қызыл түсті шаршының жіңішке жолақтары көтеріңкі көңіл лебін сезіндіреді. Жиекке түскен иелерінің аты-жөні жазылған жазулар ою-өрнекпен астасып, бір ырғаққа түседі.
Ал, Әбділдинова Бипан керісінше, өз текеметінде бояуы өте қанық, ашық түстерді пайдалану арқылы көркемдік құрылымын күрделендіре түскен (27-кз). Киіз басу кезінде орнынан жылжып сәл қисық кеткен ою жолдары текеметтің әдемілігін арттырып, бар ою сызықтарын қимыл-қозғалысқа келтіріп жандандырып жібереді.
Қазіргі замандағы витраж жасау тәсіліне ұқсас құрылымдағы Есергенова Қалиманың текеметі – жеке-дара туынды (9-кз). Қанық түстерден құрылған ашық реңдер әуені күнделікті өмірдің өтіп жатқан сұрғылт күндерінде адамды өзіне еріксіз көз тартқызып, көңілін сергітетін қуат құйғандай болады.
Музей қорында көркемдік дәрежесі биік туындылармен қатар, құрылымы бірсыдырғы болып келетін экспонаттарға назар аударсаңыз, олардың әрқайсысынан автордың өзіндік шығармашылық серпілісін байқайсыз. Шебер жұмыс барысындағы киіз басу тәсілі мен табиғи жүннің өзара қарым-қатынасындағы сәндік мүмкіндіктерінің ашылуына еркін жол береді. Текемет бірсыдырғы болып көрінгенімен, табиғилылық пен қарапайымдылықтың үндескен тылсым тынысын сезінгендей боласыз.
Осындай көркем туындылар арасынан өзіндік түр-тұлғасы дараланған Батыс Қазақстанның текеметтерін ерекше атап айтуға болады. Сол текеметтер ішінде көркемдік құрылымы мен түстік үйлесімі өзгеше ақ текеметтер ерекше орын алады (59-кз).
Тұтас бір жүйеде жиналған музей қорындағы әрбір экспонат жергілікті жердің көрнектілік ерекшелігін көрсететін және жеке автордың қолтаңбасы айқын танылатын өнері туындысы ретінде танылады.
Ою-өрнектерінің іріленіп, біртұтастығымен көрінетін Талдықорған облысындағы Дүйсенова Нұрыштың өз уақытының сұранысына сәйкес келетін авторлық шығармашылығы ерекше көзге түседі (32-кз, 33-кз, 34-кз). 1960-1970-ші жылдары кілем, текемет сияқты тұрмысқа қажетті бұйымдар жасауда қанық ашық қызыл түсті реңдердің көркемдік үйлесімін пайдалану кеңінен өріс алды. Бұл бағыт Дүйсенованың текеметтерінде белең алған.
Солтүстік Қазақстан облысында техникалық тәсілдердің қолданылуына байланысты қол өнердің кәсіби деңгейі мен көркемдік шешімі ерекше болып келеді. Ши үстіне тартылған жүн бетіне жұқалап басылған талдырма төсеп, оның үстіне боялған жүннен ширатып, тартып ою салады да, ыстық су бүркіп, әрі қарай текемет толығынан басылып шығады. Осындай тәсілмен басылған текеметтің бірі – Қостанай облысының шебері Құдабаева Рыстайдың текеметі (89-кз). Текемет оюының сәндік құрылымын келтіруде шебер ашық кеңістікке жол береді. Текемет бетіндегі оюлары – құрамы жылы болып келген қызыл түстің үстінде қалқып тұрғандай әсер етеді. Текемет бетіндегі негізгі ою таза күйінде қалады.
Музей қорында Оңтүстік Қазақстанның текеметтері ою-өрнектерінің ірілігімен, бояуларының ашықтығымен ерекшеленеді. Оңтүстік өңірдің Қ. Стыбаева, Б. Романова, М. Ахметова, К. Керімбекова, Т. Сәрсенова сияқты атақты тағы да басқа шеберлерінің өнер туындылары сақталулы тұр. Бұл шығармашылық деңгейі жоғары, реңдік үйлесімінде әлемдік танымда жер бетінің қуат көзі болып танылатын күн мен оттың сипатын беретін қызыл және сары түс үстемдік алады.
Экспозицияның сәнін келтіріп тұрған Романова Бибайшаның текеметі – алтын қордағы баға жетпес туындылардың қатарында (114-кз). Шебер текеметтің өрнектік шешімін мүйіздерін орталық бөлікке қарай бір бағытта бұрған өте ірі көлемдегі төртқұлақ өрнегі арқылы тауып, оюлардың текемет бетіндегі қозғалыс жүйесін үдете түскен. Романованың халық қол өнерінде киізден басқа да тамаша туындылары музей қорында тұр. Олар: текеметтер мен кілемдер, алашалар мен тұрмысқа қажетті әртүрлі бұйымдар.
Бір сиқырлы дүние, құпия сырымен өзіне көңіл аударатын Молдабаева Несібелінің қара текеметі үлкен зерттеуді қажет етсе (48-кз), Іляев Ғанидың текеметінің ою құрылымы мен көркемдік танымының мән-мағынасы заттың тұрмыстық қажетілігінен жоғарытұрғандығынайқындайды (180-кз).Бүкіл текемет бетіне жайыла тармақталып салынған ою – жан-жағындағы кеңістікті жандандырып, жанға жайлы тиіп, тағылымдық күш береді.
Музей қорында сақталған киізден жасалған бұйымдар ішінде тек қана көркемдік деңгейімен ғана бағаланбай, өзінің ғылыми маңызымен еркшеленетін сырмақтар жүзден асады. Сырмақтар – сәндік құрылымы бір қалыпты реттілікпен салынған, оюларының жіктері анық жиектеліп, кеңістіктік біртұтас қомпозиция құрайтын керемет өнер туындылары. Халық шеберлері сырмақ жасауда ақ пен қара киізді ойып, қиюластырып жасаумен қатар біртұтас киіз бетіне помбарқыт, барқыт, мақпал, мауыты, сәтен сияқты маталардан немесе иірілген әр түсті жіптерден де өрнек салып, сыру сияқты тәсілдерді кеңінен пайдаланған. Сырмаққа ою салудың жергілікті жердің ерекшеліктеріне байланысты үш түрге бөлінеді: сырмақ бетіне орталық бөлікті қоршай жиек оюын түсіру және жалпы біртұтас ірі ою құрылымын орналастыру немесе екі-үш деңгейге бөлінген ою жолдарын түсіру. Сырмақ оюларының негізін көне заманнан байлықты, барлықты білдіретін мүйіз текті оюлардың барлық түрлері кеңінен қолданылады. Оюлардың орналастыру реті әрқашан бұрыннан келе жатқан ой-санадағы наным-сенімге бағындырылады. Орталық бөлікті жиек оюларымен қоршау – от басын, өзі өмір сүрген ортаны сыртқы жаман күштерден, күйреуден сақтау, оны қоршау мағыналары сақталған. Жекеше мағынадан әлемдік ұғымға ұштасқан бұл философиялық таным – Ғаламды апаттан, күйреуден сақтау ниетімен жалғасады. Әрине, кейінгі шеберлер ол туралы ой жүгіртіп, толғанбаған болар, бірақ ішкі генетикалық сезім арқылы терең мағыналы ою жолдары туындағаны мәлім.
Сондай туындылардың бірі – Семей облысындағы Ерназарова Майсараның «бұғы мүйіз» сырмағы (130-кз). Ою құрылымы басқаларға ұқсамайтын ою салу мәнерімен ерекшеленсе, бұғы мүйізін келтірудегі ұқсастық ертедегі скифтердің хайуанаттар стилімен сәйкес болуымен құнды.. Бұғы мүйіз оюы тек өрнектік сипатта берілмеген. Шебер бұғының ішке қарай тармақталып иірілген мүйіздерінің табиғи тұрпатын тура қайталаған (120-кз, 191-кз). Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірінде сырмаққа осы бұғы мүйіз өрнегін әр түрлі сапада көп пайдаланған. Бұл кездейсоқтық емес. Бұл өңір скиф тайпаларының ішінде тиграхаудтардың Отаны. Кеңістікті екі түске бөліп, ою құрылымының айнаға түскендегідей қайталануы ( 129-кз, 136-кз, 219-кз, 237-кз ), жан-жануарлар денесінің икемделу серпілісі ( 199-кз, 200-кз ), орталық бөлікті анықтау (106-кз, 118-кз, 183-кз ) тәрізді хайуанаттар стилінің көркемдік шешімінің негізгі ерекшеліктері қазақтың текеметтері мен сырмақтарының ою-өрнек құрылымына арқау болған.
Талдықорған облысының халық шебері Қиясова Нұрғайшаның сырмағындағы ою терең мағыналы талғаммен берілген (237-кз). Жердің бетін жерде жүретін малдың мүйізімен (қошқар мүйіз), аспан әлемін ұшқан құспен, аспан мен жердің ортасын жапырақ жайған ағашпен белгілеп, Кеңістіктің үш деңгейін осылайша астастыра көрсетуін шебердің шығармашылық ой-толғамының жемісі деп білеміз.
Сырмақ жасауда дайын киізді ойып, қиюластырып тігуден басқа, киіз бетіне әр түрлі матадан ою жапсырып әсемдеу үйдің сәнін келтіріп, оны сән-салтанатын арттыра түскен. Сондай сырмақтардың бірі Өксікова Мәрзияның туындысы –өзінің басқаға ұқсамайтын қайталанбас ою-өрнегімен дара сипатталады (205-кз). Шеті иретіліп келген жасыл жалпақ жиекпен қоршалған ортаңғы бөлік біртұтас сипатқа ие болған болса, бірнеше жолаққа тартылған ою жолдары руна әріптеріндей бірыңғай ырғаққа түсіп, тылсым сырымен көз тартады.
Халық шеберлері киіздің сәндік қасиетін ұтымды пайдаланып, күнделікті өмірде тұрмысқа қажетті, көшіп-қонуға ыңғайлы әртүрлі қаптар жасаған. Олар аяққаптар, кесеқаптар, төсекқаптар сияқты бұйымдар қажеттіліктен басқа киіз үйдің ішінің сынына әр беріп, көркемдігін айқындап тұратын болған. Пайымдау мағынасы жоғары, өрнектеу құрылымы күрделі аяққап – Есілбаева Күлзаданың шығармашылығындағы шеберліктің шарықтау шыңы болып табылытыны сөзсіз (234-кз). Қоңырқай киіз бетіне мысыр аңыздарында жиі кездесетін қоңызға өте ұқсас ірі ою түскен. Осы оюды жиектей қаз-қатар жүргізген бірнеше нәзік өрнек жолдары затқа ерекше әсем сипат беріп тұрса, аяққаптың шетіне тігілген шілтерлі шашақтары заттың көркемдік құнын арттыра түседі. Бұл экспонат –өте сирек кездесетін, теңдесі жоқ, құнды туындылар қатарындағы дүние. Каталогта ұсынылып отырған қазақ халқының баға жетпес асыл қазынасы болып саналатын қазақ қол өнері ішіндегі киізден жасалған бұйымдар әлемдік мәдени мұра қатарынан орын алады.