Оқиғалар

Суретші-график, кітап иллюстраторы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Құраш Зульфикардың «Аңыздар ізімен» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді.

2025 жылғы 25 шілдеде сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде суретші-график, кітап иллюстраторы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Құраш Зульфикардың «Аңыздар ізімен» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді.

 

Көрме суретшінің 75 жылдық мерейтойына арналды. Бұл – Құраш Зульфикардың бүкіл шығармашылық жолын қамтитын үлкен көрме. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде салынған жүзден астам жұмысы осы жолы бір жерге тоғысып, көрерменге суретшінің жан-дүниесін, ізденіс пен өсу жолын көрсетуге мүмкіндік береді. Көрмеде алғашқы графикалық суреттерден бастап, кітаптарға салған иллюстрациялары мен соңғы жылдардағы нәзік акварельдеріне дейін бар.

Экспозиция хронологиялық және тақырыптық тәртіппен құрылған. Әр топтама – суретшінің өміріндегі бір кезеңді, сол уақыттағы ішкі күйін, ой толғамын көрсетеді. Осы жұмыстар арқылы көрермен түркі мен ұйғыр мәдениетінің терең қабаттарын, аңыздары мен тарихын сезіне алады.

Суретшінің алғашқы үлкен топтамасы Шоқан Уәлихановтың Қашғар сапарына арналған. Кейін ол тек сурет салып қана қоймай, фольклор мен тарихқа, эпосқа негізделген шығармаларға ден қойды. Бұл ретте суретшінің «Оғыз-нама» эпосына және «Ұйғыр халық ертегілеріне» арналған топтамалары ерекше әсер қалдырады. Бұл жерде миф – бейнеге, бейне – сөзге, ал сөз – халық жадындағы рухани мұраға айналғандай.

Суретші 1950 жылы 1 мамырда Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Құлжа (Инин) қаласында дүниеге келген. Кәсіби көркемдік білімін Алматыдағы Н.В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде кітап графикасы мамандығы бойынша (1971) алып, кейін Ташкенттегі Н. С. Островский атындағы театр-көркемөнер институтында жалғастырып, оны 1978 жылы станоктық графика мамандығы бойынша аяқтаған.

 Ұзақ жылдар бойы «Жазушы» баспасында аға көркем редактор болып жұмыс істеп, ондаған кітапты безендірген. Құраш Зульфикаровтың шығармашылығындағы басты бағыт – кітап иллюстрациясы. Суретші қарапайым қарындашпен салынған суреттен бастап, линогравюра мен акварельге дейінгі әртүрлі графикалық техникаларда жұмыс істейді. Оның туындылары Қазақстанмен қатар, Ұлыбритания, Швеция, Түркия мен Моңғолиядағы жеке коллекциялардан да орын тапқан.

«Аңыздар ізімен» көрмесі –суретшінің тек шығармашылығына ғана емес, тұтас ұлттың мәдени жадына, аңыз бен шындықтың арасындағы нәзік шекараға деген құрметі.

 

Экспозиция тамыз айының 15-не дейін жалғасады.

 

 

Көрме жетекшісі - Жұбанова Г.А.,

«Қазақстан бейнелеу өнері» бөлімінің жетекшісі