Оқиғалар

Исатай Исабаев

2026 жылғы 10 сәуір күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ұлттық графика өнерінің негізін қалаушылардың бірі Исатай Исабаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Исатай Исабаев: Кітап әлемі» атты ретроспективті көрменің салтанатты ашылуы өтеді.

Аталған көрме жобасы 2026 жылы республика көлемінде ұйымдастырылып отырған мерейтойлық іс-шаралар циклінің негізгі бөлігі болып табылады. Көрменің тұжырымдамасы кітап графикасын тұтас көркем құрылым ретінде қарастыруға негізделген. Музейлік тәжірибеде алғаш рет суретшінің графикалық туындылары 1970–90 жылдары жарық көрген сирек басылымдармен қатар қойылып, өзара байланыста ұсынылады. Мұндай кураторлық шешім көрерменге иллюстрацияның кітап ішіндегі қызметін, оның тұтас көркемдік бейнесін қалыптастырудағы рөлін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл экспозициялық шешім бүгінгі күнде ұмыт бола бастаған кітаптарды еске алуға және 1970-90 жылдар аралығында елімізде жарық көрген отандық әдеби басылымдармен танысуға мүмкіндік береді.

Көрме экспозициясы бірнеше негізгі бөлімдерден тұрады:

Эпос және фольклор әлемі: қазақтың қаһармандық және лиро-эпостық жырларына, сондай-ақ халық ертегілеріне арналған графикалық топтамалар.

Классикалық әдебиет: АҚұнанбаев, М.Әуезов, Б.Майлин шығармаларына жасалған иллюстрациялар, сондай-ақ Ілияс Жансүгіров туындыларына арналған ерекше топтама.

Тұрмыс пен дәстүр: қазақ халқының күнделікті өмірі мен салт-дәстүрін бейнелейтін «Қазақ тұрмысы» атты этнографиялық серия.

Көрме сонымен қатар Исатай Исабаевтың шығармашылық үдерісіне де үңілуге мүмкіндік береді. Классикалық офорттар мен линогравюралармен қатар, экспозицияда суретшінің отбасылық қорында сақталған ксилографиялары мен экслибристері ұсынылады.

 

Экспозиция мамыр айының 03 дейін жалғасады.

 

 

 

Көрме жетекшісі - Сырғабаев С.Б.

«Қазақстан бейнелеу өнері» бөлімінің ғылыми қызметкері

Instagram ресми парақшасы