2025 жылдың 20 ақпан күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде музей қорынан «Қазақстанның кітап графикасындағы ұлттық эпос» көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
Биылғы жылы Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі өзінің 90 жылдығын атап өтеді. Осы айтулы мерейтой аясында музей «Қазақстанның кітап графикасындағы ұлттық эпос» атты бірегей көрмені ұсынады. Бұл маңызды мәдени шара көрермендерді қазақ ұлттық эпосының әлеміне қызықтырып, көрнекті суретшілердің графикалық туындылары арқылы рухани мұраға терең бойлауға шақырады. Сондай-ақ, көрме Қазақстанның ұлттық әдеби және көркемсурет мұрасының маңыздылығын атап көрсетуге, суретшілердің жаңа буынын шабыттандыруға және көпшілікті қазақ халқының мәдени құндылықтарымен таныстыруға бағытталған.