Оқиғалар

Жәмилә Такеннің "Мен көру үшін көзімді жұмдым" кескіндеме көрмесі

ҚР Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейi 2021 жылдың 15 желтоқсанынан сағат 16:00 Жәмилә Такеннің "Мен көру үшін көзімді жұмдым" атты кескіндеме көрмесін ұсынады. Экспозицияда шебердің 100 туындысы қойылған.

Жәмила Тәкеннің көрмесінің «Көру үшін көзімді жұмдым» деп аталуы тегіннен-тегін емес. Түрлі жағдайларға байланысты Жәмила шығармашылықтың өзінің өміріндегі баға жетпес маңыздылығын түсінген және пайымдаған бетбұрыс кезеңін басынан өткізді. Өмірдің маңызды оқиғаларын, өз әсерлерін, естеліктерін, рефлексияларын пайымдау кезінде «ішкі көзқарасқа» жүгіну көркемдік өзін-өзі анықтаудың маңызды факторы болды. Маңызды қоғамдық-әлеуметтік өзгерістерге және, мүмкін, тар ауқымды болар, бірақ маңызы кем түспейтін жеке жағдайларға бірдей жіті жауап беретін сезімтал адамның ұстанымы көрме үшін арнайы жасалған ауқымды шығармаларында көрінеді.

Шебердің еңбекке деген зор қабілеттілігі зор әсер қалдырады – жұмыстарының көпшілігі 2020-2021 жылдары жазылған. Жәмиланың шығармашылық жұмысында 15 жылдан астам уақыт үзіліс болғаны таңғалдырады. Бүгінгі таңда ол керемет еңбекқорлығын көрсетіп, шығармашылық әлеуетін ашуға, сөйтіп үйлесім мен жасампаздық қуанышын тауып, шарасыз тоқтап қалған кезеңнің есесін қайтаруға тырысатын сияқты. Стильдік, технологиялық, колористік, жанрлық құралдардың кең ауқымы әр түрлі әсерлі шығармаларды тудырады. Бұлар – энергия мен сезімтал өрнектің күшті шоғыры бар эмоционалды дерексіз композициялар. Өткен шақ қазіргі заманмен ұшырасатын Қазақстанның тарихи дамуындағы өмірі мен тағдыры туралы философиялық ойлар. Қазіргі заманғы оқылымға ие болған көне таңбалар – жартастағы бейнелер бар коллаж элементтері мен ою-өрнек элементтері енгізілген сәндік кенептер – ол бір төбе. Бірқатар картиналар суретшінің басты кейіпкеріне – көптеген функциясы бар әйел адамға – анасына, сүйіктісіне, жас қызға немесе өмір жолының басында тұрған кішкене қыз балаға арналған. Көбінесе нақты прототиптерге ие болған бұл бейнелер мінсіз әрі мейірбан әйелдің ұжымдық бейнесін жасауға бағытталған.

 Жәмила Тәкен – кескіндеменің колористік мүмкіндіктерін іздеуде, шығармашылық тілдің өзгермелілігінде, қазіргі заманның өткір әлеуметтік мәселелерін көркемдік құралдармен білдіруге деген ұмтылыста көрінетін эксперименттің шебері. Белсенді өмірлік ұстанымы мен куәгері әрі қатысушы болып жүрген бүгінгі күннің оқиғаларына бей-жай қарамауы оның өнерінің ерекшелігін анықтайды.

Халықаралық симпозиумдар мен арт-форумдарға белсенді қатысу бірқатар лайықты жоғары наградалар әкелді, бірақ Жәмиланы таңғалдырғаны сол, шетелдің көркем қоғамдастығы оның кескіндемесін концептуалды санатқа жатқызды. Ойлана келіп, автор осы айтылған оймен келісті.

Шынында да, оның шығармашылығының ерекше астарлылығы, «ішкі көзқарасқа» жүгінуі, оның картиналарының кеңістігінде үнемі пайда болатын метафоралардың еріксіз немесе саналы тілі Жәмила Тәкеннің «дәстүрлі кескіндеме» аясында жұмыс істейтін, өнердің осы түріне деген адалдығын көрсететін концептуалды заманауи суретші деп берілген анықтаманың дұрыстығын растайды.

Үлкен форматтағы кенептер сюжеттік-тақырыптық, колористік, идеялық принцип бойынша біріктіріліп, топтамаларға топтастырылған. Ұяның, қаңбақтың, даланың, ағаштың, тастың бейнелері өзіндік лейтмотивке айналады. Образ қандай болса да, Жәмиланың трактовкасында ол ерекше символикалық түсініктемеге, философиялық оқылымға ие болады. Домаланған селдір қаңбақтар – уақыт пен кеңістікті еңсере алатын мәңгілік саяхатшылар. Адам образына айналған тастар – өткеннің үнсіз бақылаушылары әрі болашақ туралы ойлаушылар. Ұя – қара шаңырақтың нәзік те осал бейнесі, өмірдің басталуы мен жалғасуының символы. Шетсіз-шексіз дала – ежелгі тарихтың шынайы әрі ойдан шығарылған сюжеттері ашылатын шексіз ғаламат кеңістік.

Түрліше толтырылған – керемет әдеміден бастап драмалық, тіпті апокалипсистікке дейінгі көріністер пайда болады. Автордың Арал қасіретін түсіндіруі немесе құрбандыққа бара жатқан отардың алдағы қайғылы шарасыздық күйі дәл осындай трактовкаға ие болады. Бірқатар жұмыстар пандемияның жаңа жағдайында болуға байланысты ішкі алаңдаушылыққа толы. Түсі – шымыр, кейде шамадан тыс, ол өзінің танымал «авторлық» палитрасын тапқан. Жарқыраған қызыл түстің екпінді реңктері бар күрделі гамма композицияға драмалық дыбыс немесе автордың алдына қойған міндеттеріне байланысты сәндік мазмұн береді. Автордың өзі қызылды энергияны көп қажет ететін түс деп санайды. 

Жәмила Тәкеннің оқиғаға толы өмірбаяны оның жеке басының сан қырын ашады. Автор өмірінің көп бөлігін оқытушылық қызметке арнады. Бүгінгі таңда Жәмила жақында ғана халықаралық мәртебеге ие болып, қызметі соңғы уақытта айтарлықтай жандана бастаған «Таң Шолпан» әйелдер көркемдік қауымдастығының жетекшісі.

Көп жағдайда көшбасшылық қасиеттері бар, жігерлі де белсенді Жәмила қазіргі заманғы әйелдерді шығармашылық ортада жаңа маңызды бірлескен жобаларды бастауға шабыттандырып, біріктіре алады. Бірақ ең бастысы – суретшінің шынайы жоғары мақсатын білдіретін – оның шығармашылығында.

Көрме 2022 жылдың 16 қаңтарына дейін

Көрме жетекшісі Екатерина Резникова,

өнертану кандидаты

zh-taken-001
zh-taken-002
zh-taken-003
zh-taken-005
zh-taken-004
zh-taken-006
zh-taken-007
zh-taken-008
zh-taken-009
zh-taken-010