Наурыз – көктем басы, күн шуағы төгіліп, тіршілікке жан бітер жаңа өмірдің жандануы. Бұл мезгіл – үміт пен шабыттың кезеңі. Ал 8 наурыз – нәзіктік пен сұлулықты дәріптейтін, әйелдер қауымы үшін ең сүйікті мерекелердің бірі! Бұл күннің айрықша символы – қызғалдақтар, ендеше көркем гүлдің құрметіне орай «ҚЫЗҒАЛДАҚТАР УАҚЫТЫ» атты жәрмеңкемізді ұсынамыз. Өйткені «Қызғалдақтар уақыты» – бұл сұлулықтың, қуаныштың пен ерекше сыйлықтардың мезгілі!
2026 жылдың 17 ақпанында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінде суретші-монументалист, график, кескіндемеші әрі сәндік-қолданбалы өнерде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Қами Айтқалиевтің «Сан ғасырлық сарын» атты 80 жас мерейтойлық көрмесінің ашылуы өтеді. Экспозицияда шебердің көпжылдық шығармашылық жолын және оның өзіндік көркемдік тілін көрсететін 60-тан аса туынды ұсынылады.
2026 жылдың 3 ақпанында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында «XIX-XX ғасырлардағы еуропалық кескіндеме» көрмесінің ашылуы өтеді. Көрмеде еуропалық өнердің екі ғасырын қамтитын түрлі көркемдік мектептер мен бағыттардың көрнекті өкілдері саналатын шеберлердің жеке коллекцияларынан алынған 20-дан астам кескіндеме туындысы көпшілік назарына ұсынылады.
Көрме Қазақстандағы антикварлық өнер саласындағы ең ірі әрі беделді орталықтардың бірі – «Ампир» антикварлық салонынымен бірлесіп ұйымдастырылды. «Ампир» салоны көптеген жылдар бойы сәндік-қолданбалы өнер туындыларын, кескіндеме, фарфор, жиһаз және зергерлік бұйымдарды іздестірумен, атрибуциялаумен және көпшілікке таныстырумен айналысып келеді. Салон қызметі мәдени мұраны сақтауға, сондай-ақ бірегей жәдігерлерді еліміздің музейлік қорларына қайтаруға бағытталған.
Экспозиция XIX-XX ғасырлардағы еуропалық кескіндеменің академизм мен романтизмнен бастап импрессионизм мен модернге дейінгі негізгі бағыттарын қамтиды. Әрбір туынды тарихи-көркемдік анықтамамен толықтырылып, шығарманың жазылған кезеңін, авторлық мәнерін және түс, пішін мен жарық арқылы өрбитін әртүрлі мәдениеттер мен дәуірлер арасындағы көркем диалогты ашып көрсетеді.
«Барлық адамдар гүлдерді жақсы көреді. Мұның сыры неде? Менің ойымша, бұл – бізді қайта-қайта табиғаттың нәзік бейнесіне тамсандыратын ғажайып сұлулықтың күші. Мен өз туындыларым арқылы гүл әлемінің эстетикалық әсемдігін паш етіп, адамдарды нәзік сұлулығына сүйсіндіріп, осы сиқырлы тартылыс күшінің сырын сәл болса да ашқым келеді.»
Репнякова Ольга Сергеевна
2026 жылдың 6 ақпанында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында фотограф Репнякова Ольга Сергеевнаның «Сиқырлы гүлдер» атты жеке фотокөрмесінің салтанатты ашылуы болады. Көрмеде 2016–2025 жылдар аралығында жасалған фотосуреттер ұсынылған.
Көрмеде сұлулықтың, үйлесімнің және өмірлік қуаттың символы саналатын гүлдер әлеміне арналған шамамен 60 авторлық фотожұмыс ұсынылады. Автор өз туындыларында түстің, пішіннің және жарықтың ғажайып үйлесімін аша отырып, нәзік эмоциялық күйді әрі табиғаттың тірі тынысын айқын сезіндіреді. Ольга Репнякованың фотожұмыстарындағы гүлдер – жай ғана бейне нысаны емес, олар шабыттың, қуаныштың және ішкі рухани сауығудың қайнар көзіне айналып, мәңгілік құндылықтарды – сүйіспеншілікті, мейірімділікті және бейбітшілікті дәріптейді.
Ольга Сергеевна Репнякова 1962 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1981 жылы Алматы технологиялық тұрмыстық қызмет көрсету және жеңіл өнеркәсіп техникумын «Фотографиялық өндірістің техник-технологы, фотограф» мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдаған. Балалық шағынан бастап фотография өнеріне шынайы қызығушылық танытып, бұл сала кейіннен оның өмірлік кәсібіне айналды.
Ұзақ жылдар бойы Ольга Сергеевна кәсіби фотограф ретінде еңбек етті. Павлодар қаласында Павлодар трактор зауытында өндірістік эстетика бөлімінің фотографы болып қызмет атқарса, кейін Алматы қаласында шағын зертханаларда түсті басып шығару операторы, фотограф және бақылаушы шебер болып жұмыс істеді. Оның шығармашылық еңбегі әрдайым адамдарға қуаныш пен пайда әкелетін фотосуреттер жасауға бағытталды. Кейін кәсіпкерлік қызметпен айналысты. Қазіргі уақытта зейнеткер, отбасылы, балалары мен немерелері бар, олар оның шығармашылық жолына әрдайым қолдау көрсетіп келеді.
Автор Қазақстанда және шетелде өткен көптеген көрмелер мен халықаралық фотожобалардың қатысушысы әрі лауреаты. Оның жұмыстары Алматы, Павлодар, Екатеринбург және Хайфа қалаларында өткен көрмелерде көпшілік назарына ұсынылған. Ол «Алматының Алтын объективі» жыл сайынғы фотобайқауына бірнеше рет қатысып, номинант атанған. 2018 жылы Д. П. Багаев атындағы «Фотоөнерді дамытуға қосқан үлесі үшін» құрмет медалімен, ал 2019 жылы Salon Ribbon құрмет лентасымен марапатталған.
Өз шығармашылығы жайлы автор былай дейді: «Фотографияның құпиясы қарапайым – өмірді оның барлық қырларымен сүю, ұлтқа да, әлеуметтік мәртебеге де қарамай адамдарды құрметтеу. Әр адам үшін ең басты құндылықтар – сүйіспеншілік, мейірімділік және бейбітшілік».
Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің жөндеуден кейінгі ашылуы
Құрметті өнерсүйер қауым, қадірлі достар, серіктестер, қала тұрғындары мен қонақтары!
Сіздерді Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің жөндеу жұмыстарынан кейін қайта ашылуымен шын жүректен құттықтай отырып, жаңарған музейімізге қонақ болуға шақырамыз.
2026 жылдың 20 қаңтарында музей өз есігін айқара ашып, келушілерді жаңартылған кеңістікте жаңа экспозицияларымен қарсы алады. Музейде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шатыр мен ішкі бөлмелер толық жаңартылды, еден жабындары ауыстырылды, инженерлік желілер, соның ішінде климатты бақылау жүйесі жаңғыртылды. Залдардың жаңа түстік шешімі бұрыннан таныс кеңістіктер мен экспонаттарды жаңаша қырынан қабылдауға мүмкіндік береді.
Instagram соңғы жаңалықтары
Instagram
⚜️2026 жылдың 12 маусымы 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі ғимаратында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Алматы қаласының Құрметті азаматы Алексей Федорович Уткиннің «Қаладағы серуен» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді.
🎨Суретші бүгінгі таңда қалалық пейзаж жанрының көрнекті өкілі, майталман шебері саналады. Оның шығармалары Қазақстан, Ресей, АҚШ, Италия, Түркия, Франция, Испания және Нидерландтағы музейлер мен жеке коллекцияларда сақтаулы. Алексей Уткин үнемі шығармашылық ізденісте жүретін, тынымсыз еңбек ететін суреткер. Оның қаламынан мыңнан астам кескіндемелік және графикалық туындылар туған. Суретшінің сүйікті жанры – қалалық пейзаж. Туындыларында табиғаттан алған әсері кәсіби шеберлікпен ұштасып, табиғат пен қалалық ортаның әртүрлі күйі автордың ішкі сезімі мен жеке толғанысымен бірігіп көркем бейнеге айналған.
🖌️Суретшінің шығармашылық қайнар көзі – жүректегі шексіз махаббаты: өмірге деген құштар ықыласы, жарына, балалары мен немерелеріне деген мейірі, туған қала мен адамдарға деген ілтипаты – өнерінің басты мұратына айналған. Барша өнерсүйер қауымды шебер туындыларының рухани әлеміне шомып, жүрек жылуы – шуағына бөленуге шақырамыз!
Көрме А. Уткин шығармашылығын жоғары бағалайтын коллекционер Дмитрий Дюмаевтың қолдауымен өтеді.
📍Көрме 2026 жылғы 3 шілдеге дейін жалғасады.
📌Куратор – А.Р. Ақылбекова
Көрмелер мен экспозициялар бөлімінің жетекшісі, өнертану магистрі
⚜️2026 жылдың 3 маусымында Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында «Жанасу II – Соприкосновение II» республикалық көрмесі ашылды. Қазақстандық пастель өнері шеберлерінің бірлестігі дайындаған бұл көрме өткен жылы кәсіби орта мен өнерсүйер қауым тарапынан ерекше қызығушылыққа ие болған жобаның жалғасы болып отыр.
▫️Пастель – шеберлердің қолында бар қырын ашып, сан алуан көркемдік әсер бере алатын, мүмкіндігі кең әрі жанды материал. Көрме кеңістігінде өзіндік өрнегі, дара техникасы және бояу мәнері бар әртүрлі авторлардың жұмыстары бір арнада тоғысқан.
🔸Екінші көрме жобаның ішкі эволюциясын нақ көрсетеді. Бастапқы шығармашылық ұжымға жаңа суретшілердің қосылуы экспозицияға тың колористік энергия мен өзгеше реңк әкелді. Зал кеңістігінде шағын натюрморттар, қалалық және далалық пейзаждар, сондай-ақ метафоралық сюжеттерге құрылған композициялар өзара үйлесім тапқан. Бұл туындылар суретшілердің тек техникалық еркіндігін ғана емес, сонымен қатар суретшілердің ішкі ізденісін, өмір құбылыстарының нәзік әрі құбылмалы күйлерін дөп басып бейнелей алу қабілетін көрсетеді.
🔹Көрмеге А. Хакимжанова, А. Тампиев, А. Татарова, А. Сластинова, А..Сафи, А. Овечкина, А. Фидирко, В. Трофимович, В. Татаринов, Г. Пащенко, Г. Умарова, Д..Куралбаев, Д. Залесская, Д. Муштак, Е. Попова, К. Ибраева, К. Рыбалко, Л. Логвинова, М..Мун, М. Бурманская, Н. Молокотина, Н. Сайгушева, О. Иконникова, Р. Сакович, С..Какоткина, С. Кравченко, С. Кушкова, Т. Максименко сынды суретшілердің еңбектері қойылған.
Суретшілердің пастельге деген көзқарасы бұл материалдың табиғатын терең түсінуге негізделген. Олар осы техника арқылы күрделі психологиялық көңіл-күйді, ішкі сезім мен жеке дүниетанымды еркін жеткізеді. Көрме ұзақ ізденістің нәтижесінде туған туындылардан құралған.
📍 Көрме 2026 жылдың 25 маусымына дейін жалғасады.
Жұмыс уақыты: 10:00 - 19:00.
Демалыс күні: дүйсенбі
📌Куратор: Әбілхан Қастеев атындағы
ҚР Ұлттық өнер музейінің «Музейлік педагогика және экскурсиялық қызмет» бөлімінің қызметкері Г.А. Исхакова.
🇰🇿4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні.
Бұл күн — халқымыздың бірлігін, тәуелсіздігіміздің тұғырын, еліміздің болашаққа деген сенімін білдіретін айрықша мереке. Елтаңба, Ту, Әнұран — Отанға деген сүйіспеншілігіміздің, ұлттық мақтанышымыздың жарқын бейнесі.
Осы мерейлі күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілейміз. Мәңгілік Ел болу жолындағы қадамымыз нық, туымыз биік болсын!
⚜️2026 жылдың 11 маусым күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық өнер музейінде талантты кескіндемеші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Омархан Құмардың «ҰЛЫ РУХ» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы мен каталогының тұсаукесер рәсімі өтеді.
🔹Омархан Құмар – бүгінгі қазақ бейнелеу өнеріндегі ұлттық тарих пен рухани құндылықтарды шығармашылығының өзегіне айналдырған, өзіндік қолтаңбасы айқын кәсіби суретші. Оның туындылары халықтық рухқа толы, қазақ халқының тарихи жады мен мәдени мұрасын терең пайымдап, өткен мен бүгінді сабақтастыратын мазмұнды көркем образдар жасауымен ерекшеленеді. Суретші шығармашылығына академиялық мектептің берік негіздері, композициялық тұтастық, сурет салудағы жоғары кәсіби мәдениет пен реалистік бейнелеу дәстүріне адалдық тән.
🔸Көрмеде автордың 2000 жылдардан бері орындалған жетпіске жуық таңдаулы кескіндемелік туындылары ұсынылған. Экспозиция суретшінің шығармашылық ізденістерінің ауқымын, жанрлық және тақырып аясының мол қорын жан-жақты таныстырады. Әрбір композициясынан суреткердің шеберлігі мен шығармашылық кемелдігі айқын сезіледі. Автор тарихи тұлғалардың мінезі мен болмысын, дәуір рухын және оқиға мазмұнын терең ашуға ұмтылып, көркем образдың нанымдылығы мен эмоционалдық әсеріне ерекше мән береді. Түстік үйлесім, пластикалық шешім және композициялық құрылым оның жұмыстарында біртұтас көркем жүйеге айналып, туындының идеялық мазмұнын терең аша түседі.
🔺«ҰЛЫ РУХ» көрмесі – суретші Омархан Құмардың 25 жылға жуық шығармашылық жолын қорытындылайтын алғашқы жеке көрмесі. Көрме атауының өзі экспозицияда ұсынылған туындылардың негізгі мазмұны мен идеялық өзегін айқындайды. Ұлт тарихы, елдік рух, ұлы тұлғалар, батырлық дәстүр мен туған жер табиғаты суретшінің шығармаларында көркемдік шешім тауып, қазақ халқының рухани болмысы мен тарихи жадын бейнелейтін өзіндік образдар жүйесін құрайды. Бұл көрме автордың ширек ғасырға жуық уақыттағы шығармашылық ізденістері мен кәсіби шеберлігінің нәтижесін танытатын маңызды мәдени оқиға болып табылады.
📌Көрме кураторы: Самал Мамытова
Қазақстан-Ресей мәдени байланысы
Мәдениет пен өнер халықтар арасындағы байланысты нығайтатын маңызды құндылықтардың бірі. Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени ықпалдастық өнер кеңістігінде өз жалғасын тауып келеді.
Бейнематериал 24KZ телеарнасынан.
Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыс өнер кеңістігінде өзіндік өрнегін салып келеді. Рухани көпірдің алтын діңгегіне айналған Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі екі елдің қылқалам шеберлерінің басын жиі қосады.
🎥Бейнематериал: Astana TV телеарнасы.






