2024 жылдың 7 тамызында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында (Желтоқсан, 137) алматылық суретші Какоткина Светланананың «Жазғы қиял» атты көрмесінің ашылуы өтеді. Экспозиция суретші шығармашылығындағы 90-ға жуық картиналарды көрермен назарына ұсынады.
Какоткина Светлана 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Бастапқы өнер білімін «Классикалық өнер гимназиясынан» қалыптастырып, 2002 жылы Қазақ Бас сәулет құрылыс академиясын «Дизайн» мамандығы бойынша тәмамдайды. Академия қабырғасынан бастап-ақ суретші өзін жан-жақты көрсетіп, түрлі байқаулар мен көрмелерге белсенді қатысып отырады. Өмірлік жолында Светлана көркемсурет мектебінде мұғалім, жарнама агенттіктері мен журналдарда дизайнер, үйлестіруші болып жұмыс жасайды.